Жаңалықтар

Алматыда суға батып бара жатқан баланы құтқарған жігіт марапатталды

Алматыда суға батып бара жатқан баланы құтқарған жігіт марапатталды
Фото: ҚР ТЖМ 12.11.2024 15:49 365

ТЖ министрі бұйрығымен суға батқан баланы құтқарғаны үшін Әлихан Жақсылық марапатталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әріновтың бұйрығымен 2024 жылғы 27 қазанда Алматыда болған баланың өмірін судан құтқару кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін Қызылорда қаласының тумасы Әлихан Сәкенұлы Жақсылық «Суға батқандарды құтқарғаныы үшін» медалімен марапатталды.

Марапатты ТЖМ басшысының атынан Алматы қаласы ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев табыстады. 

Шұғыл іс-әрекетіңіздің арқасында қайғылы жағдайдың алды алынып, баланың өмірін  құтқарғаныңыз үшін алғысымызды білдіреміз, - деді ТЖД басшысы.

25 жастағы құтқарушының айтуынша, 27 қазанда Қызылорда қаласынан жалға алатын пәтер іздеп келген Әлихан сағат 14:00 шамасында Есентай өзені Мақатаев көшесінің қиылысындағы жағалауында келе жатқанда балалардың көмекке шақырғанын естіген.

Бала Есентай өзенінің каскадында тұрып, суға құлап, оны қатты ағын алып кеткен екен. Қас-қағым сәтте өміріне қауіп төнгеніне қарамастан, Ә.Жақсылық дереу темір қоршаудан секіріп, суға батып бара жатқан баланы құтқаруға кірісті. Судың үлкен ағынынан әлсіреген баланы жер бетіне көтеріп алып шықты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға