Жаңалықтар

Алматыда Қазақстан халқы тілдері күніне арналған іс-шаралар өтеді

Алматыда Қазақстан халқы тілдері күніне арналған іс-шаралар өтеді
Фото: Алматы қалалық әкімдігі 04.09.2024 07:12 1463

Алматы қаласының әкімдігі 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мен Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай «Ана тілім – ардағым» атты мерекелік іс-шара өткізеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қалалық әкімдік мәліметінше, сағат 17:00-де Орталық демалыс саябағында басталатын мерекеге ақындар мен жазушылар, өнер қайраткерлері, еңбек ардагерлері, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары, студенттер мен оқушылар қатысады.

Жастар қазақ тілі, ұлттық өнер, әдебиет және Ахмет Байтұрсынұлының өмірі туралы викторинаға қатысып, дұрыс жауап бергендер сыйлықтар алады. Сондай-ақ жиналған қауым алдында танымал артистер өнер көрсетеді, мереке жастардың би кешімен аяқталады.

Сонымен қатар, қаланың бірқатар ауданында түрлі іс-шара өтеді: 3 қыркүйекте Түрксіб ауданында Ахмет Байтұрсынұлының туған күні мен Қазақстан халқы тілдері күніне арналған дөңгелек үстел өтеді.

5 қыркүйек сағат 10:00-де Алмалы ауданында А. Байтұрсынұлы ескерткішіне гүл шоқтары қойылады, ал 10:30-да Байтұрсынұлы өмір сүрген музей-үйде республикалық конференция ұйымдастырылады.

5 қыркүйек сағат 11:00-де Әуезов ауданының әкімі аппараты Қазақ жазушылары кітапханасында оқушылар арасында «Тіл – достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы» атты фестиваль өткізеді (11-шағын аудан, 37-үй).

5 қыркүйек сағат 11:00-де Наурызбай ауданында Қазақстан халқы тілдері күніне арналған «Тіл – қазына кілті» тақырыбында зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтеді («Шұғыла» шағын ауданы, 343/7).

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға