Алматыда қар жауып жатыр: коммуналдық қызмет күшейтілген режимге көшті
Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шахановтың айтуынша, қаланың коммуналдық қызметі көшелерді, жолдар мен тротуарларды жедел қардан арылтуға кірісті. Қар күреу жұмыстары тәулік бойы жүргізіледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бүгін сағат 9:00-де қалада және таулы аудандарда қар жауа бастады. Екі күн бойы қар жауып, 20 мм қар түседі деп болжанып отыр. Бұл едәуір мөлшер, сондықтан бұл ауқымды жұмыс. Таңертеңнен бастап коммуналдық қызмет көшелеге көктайғаққа қарсы арнайы қоспалар сеуіп, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Негізгі жұмыс қар күрелген соң басталады. Біз магистралды және орталық көшелерде қар үйінді жасалған соң қарды шығаруға кірісеміз, – деді Алматы әкімінің орынбасары.
Қазгидрометтің мәліметінше, 23-24 қаңтарда Алматыда ауа температурасы -15…-20 градусқа дейін төмендейді. Қазіргі уақытта жолдар көктайғаққа қарсы материалдар себіліп жатыр. 152 құмсепкіш техника жұмылдырылған. 950 тонна көктайғаққа қарсы материалдар және 60 м³ сұйық реагенттер пайдаланылған. Қауіпті жол учаскелерінде жолдың жағдайын бақылап отыратын 46 жедел топ жұмыс істеуде.
Магистральді көшелерді қардан толық тазалау 3 күнге, аудандық маңызы бар көшелерді тазалау 7 күнге созылады.
Қазіргі уақытта жолдарда 600-ден астам арнайы техника жұмыс істеп жатыр, күндізгі уақытта шамамен 1,5 мың адам жұмылдырылды. Жұмыс түнде де жалғасады, қар толық шығарылғанға дейін тоқтатылмайды. Тазалықты бақылау үшін аудан әкімдіктерінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды, – деді Бейбіт Шаханов.
Әкімдік тұрғындардан арнайы техниканың жұмысын қиындатпау үшін көліктерді жол жиектеріне қоймауды сұрады.