Алматыда күн панельдерін шығаратын зауыт ашылады
Алматыда күн панельдерін шығаратын жаңа зауыттың капсуласы салынды. Жоба «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының аумағында іске асырылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Зауыт құрылысына шикізат жеткізу және дайын өнімді жөнелту үшін ыңғайлы логистиканы қамтамасыз ететін 2 гектардан астам жер телімі бөлінді.
Ауданы 2,5 мың шаршы метр болатын зауыт «TGS-Solar» брендімен жылына 250 000 күн модулін шығарады. Бір модульдің қуаты 585 Вт болады. Кәсіпорында 100-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Зауыт күн панельдерін құрастыруға арналған автоматты желілермен, лазерлік плазмалық кескіштермен және автоматты дәнекерлеу машиналарымен жабдықталады.
Жобаның құны 2,1 млрд.теңгеден асады, оның 500 млн теңгесі «Алматы» ӘКК» АҚ еншілес ұйымы – «Алматы Қаржы» ЖШС-нің жеңілдікпен берілген несиесі.
Жаңа зауыт Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыруға көмектеседі және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығы жөніндегі мақсатқа септігін тигізеді.