Алматыда креативті индустрия өкілдерімен кездесу өтті
Алматыда Almaty creative орталығында Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетовтың креаторлармен кездесуі өтті. Оған режиссерлер мен продюсерлер, суретшілер қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Кездесуде креативті индустрия саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Оның ішінде заңнамалық бастамалар, инфрақұрылымды дамыту, қазақстандық креативті өнімдер импорты сөз етілді.
Шығармашылық мамандарды қолдау – болашаққа жасалған инвестиция. Креативті индустрия бірегей өнім жасап, мәдени әлеуетті нығайта отырып, жаңа экономиканы қалыптастырады, – деді Almaty creative директорының міндетін уақытша атқарушы Бақыт Елубаева.
Сондай-ақ кездесу аясында креаторларға креативті индустрияларды дамытуға қосқан үлесі үшін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Құрмет грамотасы» табысталды.
Креативті экономика саласындағы зерттеулер Қазақстандағы осы секторды дамыту үшін өте маңызды. 7 жылдан астам уақыт бойы әріптестеріммен бірге сапалы қолданбалы зерттеулер жасауға тырысып келеміз. Бұл грамота біздің жұмысымыздың министрлік тарапынан бағаланғанын растайды және бұл мен үшін өте маңызды, – деді Нархоз Университетінің креативті экономика жобаларының жетекшісі Дана Шаяхмет.
Айта кетейік, бүгінде Алматы Қазақстандағы креативті индустриялардың орталығы. Мұнда елдегі креативті индустрия субъектілерінің үштен бірі тіркелген.