Алматыда Конституция күніне орай мерекелік концерт өтеді
Алматы қаласы әкімдігінің хабарлауынша, 30 тамызда сағат 19:00-де Абай атындағы алаңда Республика сарайының алдында "Ата заң – Тәуелсіздік тірегі" атты үлкен концерт өтеді. Қала тұрғындары мен қонақтары ашық аспан астында үлкен экранда Конституция қабылданған сәттен бастап тарихи кадрларды көреді, сондай-ақ қазақстандық эстрада артистерінің орындауындағы танымал композицияларды тыңдай алады.
Концертте Роза Рымбаева, Бүркіт пен Айша, ADAM, TURAR, Қуандық Рахым, Ғаділбек Жанай, Диана Исмаил, Төлеген Рахымбаев, JCS, NAZAR топтары және т.б. өнер көрсетеді.
Сонымен қатар, бағдарламада аспаптық музыкаға негізделген Hassak этно-фольклорлық ұжымы мен Алдаспан тобының адамды баурайтын әсерлі қойылымы қойылады.
Айта кетсек, Қазақстанда 30 тамызда жыл сайын Ата- заң - Конституция күні атап өтіледі.