Жаңалықтар

Алматыда Кәрім Бекеновті еске алу көрмесі ашылды

Алматыда  Кәрім Бекеновті  еске алу көрмесі ашылды
Фото: Дәурен Мақсұтханұлы 11.02.2023 10:40 2910

Бүгін, яғни 10.02.2023 жылы Алматы қаласындағы Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде график-суретші Кәрім Теміртасұлы Бекеновті (1938-2022) еске алу көрмесі ашылды.

Қазақ бейнелеу өнерінің өркендеуіне елеулі үлес қосқан ҚР Суретшілер одағы мен Журналистер одағының мүшесі, полиграфияға еңбегі сіңген қайраткер, «Кітап өнері» атты халықаралық және республикалық бірнеше байқаулардың дипломанты Кәрім Бекенов ғажайып аңыз, эпос-жырларға жан бітірген талғампаз суретші. Оның шығармашылық өмірі негізінен халқымыздың аңыздары мен ертегісінен, эпостық жырларынан бастау алады.

«Суретші белгілі бір мәтіндегі кейіпкерлерді бейнелеуде әңгімедегі оқиғаларды көзбен көргендей ғажайып бір өмірге енгізе отырып, ақиқатты сезінуге жетелейді», - дейді, көрме жетекшісі, Ә. Қастеев атындағы ҚР МӨМ-нің «Педагогика және жобалау қызметі» бөлімінің жетекшісі Гүлнар Қуандыққызы Жұбаниязова.

Бүгінгі еске алу көрмесіне автордың әртүрлі графикалық техникада орындалған 100-ге жуық туындылары қойылған. Оның ішінде «Қобыланды батыр» жыры, «Қыз-Жібек» лиро-эпостық жыры, «Тазша бала (қырық өтірік)», «Алдаркөсе», «Мың бір түн» сынды халық ертегілері, 2-томдық «Әлем халықтарының ертегілері», сонымен қатар Б.Майлиннің «Раушан-коммунист», С.Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу», С.Мұқановтың «Ботагөз», Қ.Толыбаевтың «Дән», Ш.Айтматовтың «Мәңгүрт», Ә.Кекілбаевтің «Бір шөкім бұлт», «Шыңырау» шығармаларына жасалған иллюстрациялық жұмыстары енген.

«Кәрім Теміртасұлының тақырыпқа сай ізденістері эстетикалық, психологиялық сезімді, ондағы адамгершілік пен тәрбиелік мәнді тануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, оның графикалық композициялары ерекше бір көркемділік пен контрастық үйлесімділікте шешілген», - деп өз ойын толықтырды Гүлнар Қуандыққызы.

Бейнелеу өнері тарихында өшпес мұра қалдырған суретші Кәрім Теміртасұлы 1965 жылы Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, 1973 жылы Мәскеу полиграфия институтын тамамдады.

1965-1997 жылдары «Мектеп», «Жеті қара», №1 баспахана баспасында көркемдеуші редактор, аға техникалық редактор, бас суретші, Көркемсурет бөлімінің меңгерушісі, сонымен қатар 1967-1968 жылдары «Целиноград ХПМ» суретші-көркемдеуші болып қызмет етті. 2007-2011 жылдары Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның «Графикалық дизайн» кафедрасының аға оқытушысы қызметтерін абыроймен атқарды. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға