Алматыда ірі есірткі тасымалдаушы ұсталды
Алматы полициясы есірткі заттарын сақтады және таратты деген күдікпен 34 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Тінту барысында қара изолентаға оралған ұнтақ заты бар 18 байлам орама табылған. Ер адам «синтетиканы» интернет арқылы алғанын мойындаған.
Жедел уәкілдердің айтуынша, күдікті бұл есірткі затын сатуды жоспарлаған. Ол қамауға алынды.
Аталған дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасында қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүріп жатыр.
Айта кетсек, былтыр Алматыда заңсыз айналымнан 1 тоннадан астам есірткі, оның ішінде 117 келіден астам «синтетика» тәркіленген. Есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты барлығы 760 құқық бұзушылық анықталып, 275 шөпті сату дерегінің жолы кесілген. 23 зертхана жойылып, 2 есірткі қоймасы анықталған, 105 есірткі бетбелгісін қоюшы ұсталды.