Жаңалықтар

Алматыда халықаралық ревматологтар конгресі өз жұмысын бастады

Алматыда халықаралық ревматологтар конгресі өз жұмысын бастады
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі 12.04.2025 02:16 366

Алматыда жалпы практика дәрігерлерінің, терапевтердің, пульмонологтардың, дерматологтардың, ревматологтардың және т.б. мамандардың қатысуымен ревматологтардың VIII халықаралық конгресі өз жұмысын бастады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жиынды Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ, республикалық ревматологиялық орталық және Қазақ ревматология алқасы ұйымдастырды.

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ басқарма төрағасының ғылыми-клиникалық және инновациялық қызмет жөніндегі орынбасары Жәмила Қайбуллаева өз сөзінде іс-шараның маңыздылығына тоқталып өтті.

Бүгінгі іс-шараны өткізу біздің институт базасында үшінші деңгейдегі ревматология орталығының құрылуына байланысты ерекше маңызға ие болып отыр. Бұл ревматикалық аурулары бар пациенттерге мамандандырылған көмекті дамытудағы, сондай-ақ Қазақстанның ревматологиялық қызметінің ғылыми-әдістемелік және ұйымдастырушылық рөлін нығайтудағы маңызды қадам. Біз жаңа орталық диагностика мен емдеудің озық технологияларын енгізуге, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және жоғары білікті мамандарды даярлауға ықпал ететін клиникалық ғана емес, ғылыми, білім беру платформасына айналатынына сенімдіміз,-деді ол.

ДСМ штаттан тыс бас ревматологы, республикалық ревматология орталығының басшысы, қазақ ревматология алқасының президенті Ғалымжан Тоғызбаев ревматологиялық ауруларға тоқалды.

Біздің елдерімізде ревматикалық аурулардың әлеуметтік маңызы өте жоғары. Бұл халықтың барлық жас топтарында кең таралуына, созылмалы ағымына, прогрессияға бейімділігіне және науқастардың ерте мүгедектігіне, мезгілсіз өлім қаупіне байланысты. Пациенттер үздік стандарттарға сәйкес келетін сапалы, уақтылы және білікті көмек алатын республикалық ревматоцентр құру, сондай-ақ өңірлерде осындай орталықтар құру өте маңызды,-деді Ғалымжан Тоғызбаев.  

Министрлік мәліметіне сүйенсек, әлемде де, Қазақстанда да ревматологиялық аурулары бар пациенттердің саны тұрақты өуде. Ревматикалық аурулар егде жастағы адамдарда да, жас ересектерде де анықталуда. Ревматологиядағы аурулардың көпшілігі аутоиммунды, олар иммунитеттің дұрыс жұмыс істемеуінен туындайды. Олар жүйелік деп аталады, өйткені олар бірден бірнеше мүшені қамтиды. Барлық дерлік тіндер процеске қатысады, бірақ буындар, бүйрек, тері, ми, қан тамырлары ең көп зардап шегеді. Бұл аурулар адаммен өмірінің соңына дейін қалады. Бірақ мұны үкім ретінде қарастырудың қажеті жоқ: егер бұрын ревматикалық ауру жақын арада мүгедектікпен қысқа өмір сүруді білдірсе, бүгінде адамның ұзақ өмір сүруге, ауыртпалықсыз және ыңғайсыздықсыз өмір сүруге барлық мүмкіндігі бар.

Пленарлық отырыс, тақырыптық секциялар және сателлита шеңберінде 2 күннің ішінде ревматология, пульмонология, дерматология, қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы 35 жетекші шетелдік және отандық сарапшылар мен жас ғалымдар ғылыми баяндамалар мен клиникалық кейстермен сөз сөйлейді деп күтілуде. Жүйелі қызыл жегі, ревматоидты артрит, подагра, псориазды артрит, остеопороз және остеоартритті емдеу, оның ішінде жаңа гендік-инженерлік биологиялық препараттарды қолдану бойынша жаңартылған халықаралық клиникалық ұсыныстар ұсынылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға