Алматыда егде жастағы әйелдерді тонаған ер адам ұсталды
Алматыда егде жастағы әйелдерді тонаумен айналысқан күдікті қолға түсті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ішкі істер ведомствосының мәліметінше, Әуезов аудандық полициясының мәліметінше 27 жастағы Б. есімді күдікті тек қана егде жастағы әйелдерді тонап келген. Кей жағдайларда ол талтүсте өзінің арам пиғылын жүзеге асырған.
Ол егде жастағы әйел адамдардың әшекей бұйымдарын ашық түрде тартып алып, із жасырып жүрген. Күдікті қамауға алынды. Тергеудің бастапқы кезеңінде осы іспеттес 12 қылмыс жасағаны белгілі болды. Басқа да жәбірленушілер анықталып жатыр. Қолды қылған әшекей бұйымдарды ол қала базарларының бірінде саудалап үлгерген. Қазіргі таңда, ұрланған мүлікті сатып алған тұлғалар іздестіріліп жатыр. Олар да қылмыстық жауапкершілікке тартылады, – деп мәлімдеді Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасы жанындағы полиция бөлімінің бастығы Еділхан Байғараев.
Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді. ҚР Конституциясының 77 бабы 3-бөлімі, 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сәйкес кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.