Жаңалықтар

Алматыда дәрігерлер омыртқаға күрделі ота жасады

Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі мәлім етті
Алматыда дәрігерлер омыртқаға күрделі ота жасады
Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 05.11.2022 01:30 2022

Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық ауруханада күрделі омыртқа дертіне шалдыққан науқасқа бірегей ота жасалды, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.  

Орталық қалалық клиникалық ауруханаға түскен 45 жастағы әйел белі мен сегізкөзі қатты ауыратынын айтып шағымданған. Айтуынша, бел омыртқасының ауырып жүргеніне 2 жыл болыпты.  

Дәрігерлер оны тездетіп аурухананың нейрохирургия бөлімшесіне жоспарлы түрде жатқызу туралы шешім қабылдады. Тексеру барысында бел омыртқаның (L3) оң жағында экстрадуралды ісік бары анықталды. «Экстрадуралды ісік жұлын сыртындағы қатты қабықтан тысқары жерде пайда болады. Кейде ісіктің бұл түрі омыртқалардың арасындағы тесік арқылы да таралуы мүмкін. Оның таралу аумағы мен жылдамдығы ісіктің түріне байланысты әртүрлі болады. Бұл жолы пациенттің омыртқасындағы ісікті тез арада алып тастау қажет болды», - дейді Нейрохирургия бөлімшесі меңгерушісі Марат Алматов.  


Мамандар нейромониторинг әдісін пайдалана отырып, ісікті хирургиялық ультрадыбыстық аспиратордың көмегімен кесіп алып тастады. 3 сағатқа созылған ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жасалды. Операция сәтті өтті, қазір пациенттің жағдайы жақсы, хирургиялық манипуляциядан кейін жүйке жүйесінде ешқандай ауытқушылық пайда болған жоқ. Дәрігерлердің айтуына қарағанда, мұндай ісіктер ағзадағы ақаулар мен өзгерістерге, қоршаған ортадағы жағымсыз факторлардың организмге кері әсеріне байланысты туындайды. Сонымен қатар мамандар оның тұқым қуалайтынын да жоққа шығармайды. Ауру белгілері де ісіктің өсуіне қарай өзгеріп отырады. Көбіне бел омыртқа тұсы отырғанда да, жатқанда да ауырады, кейде ауырсыну сезімі арқаға, аяқ пен қолға беріледі. Ісік болуы мүмкін деген күдік туындаған жағдайда невропатологтар магнитті-резонанстық немесе компьютерлік томографияға, кей жағдайда биопсияға жолдама береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға