Алматыда бірінші сыныпқа қабылдауға 25 мыңнан астам өтініш түскен
Алматы мектептерінің бірінші сыныбына түсу үшін сәуір айынан бастап 25 мыңнан астам өтініш түскен, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, қалада бірінші сыныпқа құжаттарды қабылдау 1 сәуірде басталған.
Төрт айдың ішінде қала бойынша 25 009 өтініш түсті. Егер 2021-2022 оқу жылында Алматы қаласында бірінші сыныпқа 31 046 бала түссе, 2022-2023 оқу жылында – 32 938 бала. Өтінім 1 тамызға дейін қабылданады. Алматыда білім беру ұйымдары алты жастағы балалар мен биыл алты жасқа толатын балаларды бірінші сыныпқа қабылдайды. Үлгілік қағидаға сәйкес, 1-сыныпқа қабылдау бойынша мемлекеттік қызмет көрсету электрондық форматта «Электрондық үкіметтің» egov.kz веб-порталы арқылы жүзеге асырылады, - делінеді әкімдіктің хабарламасында.
Даярлық деңгейіне қарамастан, мектеп маңында (шағын учаскеде) тұратын барлық бала қабылданады. Балаларды мектепке өздерінің шағын аумағы бойынша ғана емес, бос орындар болған жағдайда кез келген басқа мемлекеттік мектепке де тіркеуге болады.
Бірінші сыныпқа қабылдау үшін баланың ата-анасы немесе заңды өкілі жеке өтініш жазуы керек. Сонымен қатар баланың туу туралы куәлігінің көшірмесін, 026/у-3 үлгідегі денсаулық жағдайы туралы құжатты, 065/у үлгідегі денсаулық жағдайы туралы құжатты және 3х4 өлшеміндегі екі фотосуретті өткізу қажет. Қабылдау жасы – 6 жастан бастап, - деп хабарлады әкімдіктен.