Жаңалықтар

Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының үйі ашылды

Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының үйі ашылды
24.10.2018 12:15 2460

Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымы үйінің тұсаукесері өтті.

Жоғары халықаралық стандарттарға және қауіпсіздік талаптарына сай жасалған офистің ашылуына дипломатиялық корпустың және Біріккен Ұлттар Ұйымының 14 өңірлік офистерінің өкілдері қатысты.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек сөйлеген сөзінде Алматының тұрақты дамуды ұстанатынын айрықша атап өтті. «Қала адамдар үшін» концепциясы аясында қоғамдық кеңістік жетілдіріліп жатыр. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдайлар жасалуда. Біріккен Ұлттар Ұйымының даму Бағдарламасына сәйкес «Тұрақты көлік» жобасы жүзеге асырылып келеді.

«Алматыда 29 консулдық және сауда өкілдіктері бар, сонымен қатар ірі трансұлттық компаниялардың 60-тан астам офистері орналасқан. Қазақстан – бейбітшілікті сүйетін әрі қауіпсіз ел. Мемлекет басшысының институционалды реформаларының арқасында тұрақты экономикалық өсім қамтамасыз етілген. Біз қаланы халықаралық ұйымдардың өңірлік хабына айналдыру үшін жүйелі жұмыстар жүргізіп келеміз. Бүгін ДДҰ Алматы декларациясына қол қойылғанына 40 жыл толуына арналған «Мэрлер саммитінің» өтуіне орайластырылған Біріккен Ұлттар Ұйымы жаңа үйінің тұсаукесері біздің ортақ ынтымағымыздың тарихына алтын әріптермен жазылатынына сенімдімін», - деді Б. Байбек.

Өз кезегінде ЮНИСЕФ-тің Еуропа және Орта Азия елдері бойынша өңірлік директоры Афшан Хан Алматыдағы жаңа офистің өңірлік өкілдіктер қызметіне тың серпіліс беретінін және Қазақстанның өркендеуіне үлес қосатынын атап өтті.

«Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының атынан Қазақстанға, сыртқы істер министрлігіне, қала әкімшілігіне осындай игі шараларды жүзеге асырғандары және барлық өңірлерде тұрақты дамуды мақсат еткендері үшін алғыс айтамын. Бұл жаңа кеңсе халықаралық ұйымдармен ғана емес, сонымен қатар елдің дарынды жастарымен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға жаңа мүмкіндіктер береді», - деп атап өтті Афшан Хан.

Айта кетейік, БҰҰ жаңа кеңсесі қаланың іскерлік ауданында, Ботаника бағы мен «Атакент» көрме орталығына және негізгі магистральдарға жақын жерге орналасқан. Ұйымның еліміздегі өкілдігі жаңа офиске биылғы жылдың аяғында көшеді деп көзделіп отыр.

Асан ҚАЛИАХМЕТ

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

 

 

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға