Жаңалықтар

Алматыда Батыс Желтоқсан көшесінде шектеу енгізілді

Алматыда Батыс Желтоқсан көшесінде шектеу енгізілді
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 29.04.2024 21:05 600

Алматыда жылу желілерін жөндеу кезінде Батыс Желтоқсан көшесі бойынша жол жүру ішінара шектеледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қалалық әкімдік мәлімметінше, Алматыда осы жылдың 24 сәуірі мен 31 мамыры аралығында магистральдық құбырды ауыстыру және жол төсемін орташа жөндеу қажеттілігіне байланысты М.Ганди көшесінен Тимирязев көшесіне дейін Батыс Желтоқсан көшесі бойында көлік қозғалысы ішінара шектеледі.

25 жылдық қызмет нормативтері бойынша есептелген аталған учаскемен өтетін құбыр 1992 жылдан бері 32 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылуда. Мониторинг соңғы бес жылда мұнда 17 зақым тіркелгенін көрсетті. Құбырды жөндеу жұмыстары кезінде күн сайын сағат 07:00-ден 22:00-ге дейін Батыс Желтоқсан көшесі бойынша көлік қозғалысы солтүстік бағытта бір жақты болады. Күн сайын сағат 22.00-ден 07.00-ге дейін және демалыс күндері қозғалыс екі жаққа да жабылады. Ганди көшесінен оңтүстік бағытта әл-Фараби даңғылына шығатын жол Қозыбаев көшесі бойынша ұйымдастырылады, - делінген мәліметте.

2 мамырдан бастап қалалық мобильділік басқармасы әл-Фараби даңғылынан Тимирязев көшесіне дейін Батыс Желтоқсан көшесінде орташа жөндеу жұмыстарын бастайды.

Басында тротуарлар мен арық желілері жөнделеді, бүлінген жиектер ішінара ауыстырылады, содан кейін асфальт жабыны фрезерленеді. Құбырды және асфальт жабынының төменгі қабатын төсегеннен кейін жолдың бүкіл еніне полимерді қолдана отырып, асфальтбетон төсеу жүргізіледі.

Қозғалыс толығымен 1 маусымға дейін қалпына келтіріледі. Мәжбүрлі қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды және көрсетілген учаскені айналып өту жолдарын алдын ала қарастыруды сұраймыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға