Алматыда барлық сайлау учаскесі ашылды
Алматы қаласында ҚР Парламенті Мәжілісі және жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау науқаны басталды, деп хабарлайды Еl.kz ақпараттық агенттігі.
Бұл туралы «ҚР Парламентінің Мәжілісі және Алматы қаласының мәслихат депутаттарына дауыс берудің басталғаны туралы» тақырыбында өткен алғашқы баспасөз конференциясында Алматы қаласы Аумақтық сайлау комиссиясы төрайымы Айгүл Оразқызы Қалықова мәлімдеді.
Алматыда сайлау таңғы сағат 7-ден басталды. Дәл қазіргі кезде қала бойынша сайлауға қатысты ешқандай мәселе туындаған жоқ. Қаладағы барлық сайлау учаскелері өз жұмысын бастап кетті. Алматыдағы сайлау учаскесінің жалпы саны 602. Сайлаушылар қалай дауыс бере алады? Алматы тұрғындарының әрқайсысы төрт бюллетеннен ала алады: екеуі Мәжіліс сайлауына, екеуі мәслихат сайлауы үшін. Бір бюллетеньде партиялық тізім бойынша, екіншісінде бір мандатты округтер бойынша кандидаттар үшін дауыс беру болады. Алматыда үш сайлау округі бар, сәйкесінше, Мәжілістің үш депутаты сайланады. Ал, Мәслихат сайлауы қалай өтеді? Алматы қаласы мәслихатының 42 депутатының жартысы партиялық тізім бойынша, яғни 21, қалған 21-і бір мандатты округтерден сайланады. Оған Партиялар мен өзін-өзі ұсынған кандидаттар қатыса алады, - деп мәлімдеді Айгүл Оразқызы.
Айта кетейік, тек Алматы қаласында ғана Мәжілістегі бір мандатты үш сайлау округі бойынша (яғни, 3 мандат үшін) барлығы 90-нан астам кандидат қатысуда. Ал Мәслихаттағы бір мандатты 21 округте 140-тан астам сайлау округі бар.
Алматыдағы сайлау барысы жайлы кешкі сағат 20:00 дейін бірнеше рет брифинг ұйымдастырылатын болады. Учаскелердегі сайлау ахуалы бойынша қосымша хабарланатын болады.