Алматыда әскери қызметшілер майдангерді ғасырлық мерейтойымен құттықтады

20 сәуір күні Ұлы Отан соғысының ардагері Любовь Николаевна Горковская 100 жасқа толды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Осы күні оны жергілікті әскери басқару органдарының әскери қызметшілері, Бостандық ауданы әкімдігінің өкілдері және Қарулы күштердің ардагерлері арнайы келіп құттықтады.
Алматы қалалық «Қарулы күштердің ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің өкілі, отставкадағы полковник Төлеген Мұстафин оған сыйлықтар табыстап, Қорғаныс министрінің атынан құттықтау хатын оқып берді. Әскери қызметшілер Любовь Николаевнаның Жеңіске қосқан зор үлесі үшін алғыс айтып, оған зор денсаулық пен отбасына амандық тіледі.
Любовь Николаевна 1925 жылдың 20 сәуірінде Украинаның Луганск облысында дүниеге келген. 1943 жылы ол майданға өз еркімен аттанып, әскери байланысшылар курсын тәмамдағаннан кейін, Бірінші Украина майданының жаяу әскер атқыштар дивизиясы алтыншы полкінің құрамына қосылды.
Харьков түбіндегі ұрыстар кезінде оның дивизиясы қоршауға түседі. Алайда 1944 жылдың сәуірінде әскери бөлім жау шеңберінен шығып, кейіннен азат етілген Севастопольге жетеді. Кейін Любовь Горковская Белоруссия мен Балтық елдері үшін болған шайқастарға қатысады, жеңіс туралы хабарды да сол жақта естиді.
Соғыста көрсеткен ерліктері үшін Любовь Николаевна I және II дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, медальдармен марапатталған.
Соғыстан кейін ол туған ауылына оралып, халық ағарту бөлімінде жұмыс істеді. 1946 жылы жолдасымен бірге Қазақстанға көшіп келіп, еңбек жолын жалғастырды.
Любовь Николаевнаның екі баласы бар. Қазір денсаулығы сыр беріп жүр. Бостандық ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының әскери қызметшілері ардагерге жиі барып, қолдан келгенше қолдау көрсетіп келеді.
