Алматыда әскери дәрігерлер жыл қорытындысын жария етті
Алматыда өткен оқу-әдістемелік жиында әскери дәрігерлер жыл қорытындысын шығарды. Іс-шараны ҚР Қарулы күштері Бас әскери-медициналық басқармасы ұйымдастырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оған Алматы өңірлік гарнизоны әскери бөлімдерінің, Қарулы күштер түрлері әскери-медициналық басқару органдарының және әскер тектері медициналық қызметтерінің бастықтары қатысты.
Жиын Қорғаныс министрлігі әскери клиникалық госпиталінің базасында өтті. Тәжірибелік сабақтар 61993 әскери бөлімі мен Құрлық әскерлері әскери институтының нысандарында ұйымдастырылды.
Лауазымды тұлғалар емдеу-алдын алу іс-шараларын және медициналық жабдықтауды ұйымдастыру жөніндегі жұмыстың жай-күйі туралы баяндады. Жиын барысында дәрілік заттар мен медициналық мүлікті жоспарлау мен сатып алудың проблемалық мәселелері талқыланды.
Тәжірибелік сабақтарда әскери дәрігерлер амбулаториялық және стационарлық пациенттер мен жарақат алған науқастардың есепке алу құжаттамасын жүргізу мәселелерін талқылады. Сондай-ақ әскери қызметшілерді, оның ішінде тәуліктік нарядқа түсушілерді профилактикалық медициналық тексеруден өткізу стандарттары пысықталды. Дәрілік заттарды сақтауды, есепке алуды және есептен шығаруды ұйымдастыру тәсілдері егжей-тегжейлі қарастырылды.
Сонымен қатар жиынға қатысушылар дене шынықтыру дайындығынан сынақ тапсырып, арнайы дайындық бойынша нормативтерді орындады.