Жаңалықтар

Алматыда Әбдіжәміл Нұрпейісовтің құрметіне мемориалдық тақта орнатылды

Алматыда Әбдіжәміл Нұрпейісовтің құрметіне мемориалдық тақта орнатылды
Фото: Алматы қалалық әкімдігі 28.10.2024 16:18 323

Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовтың 100 жылдығына орай Алматыда мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қалалық әкімдік мәліметінше, ескерткіш тақта әлемге әйгілі «Қан мен тер» тарихи-революциялық трилогиясының авторы тұрған үйдің қабырғасына, яғни Төлебаев көшесіндегі 156 үйге орнатылды.

Іс-шараға танымал әдебиетшінің туыстары мен жақындары Шұға Нұрпейісова, Кәрім Нұрпейісов, сондай-ақ жазушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Әбдіжәміл Нұрпейісов – көзі тірісінде аты аңызға айналған ғажайып жазушы. Оның өмірі мен еңбегі – ерлік пен өрліктің, парасаттылық пен бекзаттықтың, еңбекқорлық пен кәсіби шеберліктің үздік үлгісі. Ол әдебиет пен Отанға адал қызмет етті. Әбдіжәміл Кәрімұлы отандық және әлемдік әдебиет тарихында жарқын із қалдырып, ХХ ғасырдағы қазақ мәдениетінің символына айналды, - деп атап өтті салтанатты іс-шара барысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков.

Сондай-ақ бүгін Алматыда белгілі жазушылар, сыншылар мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен «Әлем таныған Әбдіжәміл» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, онда мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтау сөз сөйледі.

Спикерлер қатарында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, түркі мемлекеттері Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, жазушы және кинодраматург Смағұл Елубай, мемлекет қайраткері, ақын, драматург, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Оразалин, аты аңызға айналған театр және кино актері, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов және басқа да көрнекті қайраткерлер болды.

Әбдіжәміл Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына да қатысқан. Оның әйгілі «Қан мен тер» трилогиясы әлемнің 30 тіліне аударылды. Ол өзінің әдеби шығармаларында Арал теңізінің мәселелерін де көтерген болатын. Мәселен, Арал теңізінің апатқа ұшырау хикаясы «Соңғы парыз» роман-дилогиясында суреттелді. Ол еңбегі үшін әдебиетші 2003 жылы Шолохов сыйлығымен марапатталған еді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға