Жаңалықтар

Алматы географиясы

Алматы географиясы туралы
17.09.2014 09:50 7852

Іле Алатауының солтүстік беткейіне қатты жер сілкінісі болған бағзы заманнан бері ірі қой тасты, малта тасы мен құмдауыт қиыршығы аралас сел лайы шөге бергенге ұқсайды. Міне, қала осындай ғаламат сел шөгіндісінің үстіне орналасқан. Шөгінді Кіші және Үлкен Алматы өзендері бойымен келген: оның ені 10-15 шақырым, ал қыртыс мығы 2000- 3000 метрге бойлайды. Осынау қалың қыртыстың ара-арасында керішті қабатта жатқан су көзі өте мол. Алайда мұндай су көздері тау бөктерлерінде өте терең орналасқан. Сондықтан осы маңда салынған үйлердің астынан ылғал шығу мүмкіндігі жоқ. Ал, тау бөктерінен етекке, солтүстікке қарай ұзаған сай­ын су көзі жер бетіне жақындай түседі. Міне, бұл өңірде ірі құрылыстар салу біршама қиындайтыны рас. Жер асты су көздерінің кейбіреулері шипалы арасан, минерал сулар екенін де айта кеткен жөн.

Сейсмологиялық және геофизикалық жан-жақты зерттеу нәтижесінде Алматыда жер сілкінісі жиірек болып тұратын аймақтың сейсмологиялық аудан­дастыру картасы жасалып, ол 1982 жылдан іске қосылды. Алматы қаласы күші, негізінен, 9 баллға, кей жерінде одан да жоғары деңгейге жететін жер сілкінісі болу қаупі бар аймаққа орналасқаны анықталды. Жер сілкінісі 9 баллға дейін баруы мүмкін аймаққа қаланың оңтүстік бөлігі жатады. Мұндағы қойтасты қалың қыртысты жер мығы, әрі су көзінің төмен жатуы құрылыс салуға қолайлы жағдай жасайды. Ал, су көзі таяу, сырғыма сазда­уытты аймақ 9 баллдан жоғары жер сілкініс қаупі бар өңірге жатады. Оған қаланың солтүстік өңірі, оңтүстік пен шығыс жақтағы таумен шекаралас маңдағы «текшелі» тау бөктері жатады.

Құрылыс салуға тағы бір қолайсыз өңір – тектоникалық опырылма жыныс шөгіндісі жатқан Райымбек даңғылының солтүстігіне қарай, Кіші Ал­маты өзенінің шығысындағы, Әл-Фараби даңғылы маңындағы аймақ.

Жер сілкінісі қаупі бар аймаққа құрылыс салу ісі өзіндік ерекшелікті, оның қабат санын, арнайы құрылыс шикізаты мен құрылымын ескеруді талап етеді. Алматы қаласындағы құрылысты жобалау ісінде сейсмикалық талаптар ескеріліп отырады.

Бұдан кейінгі үлкен қауіптің бірі – сел тасқыны. Оның көзі – тау басындағы мұздақтардың, қалың жауған қардың күрт еруі немесе толассыз нөсердің салдары. Сел тасқыны тас аралас лайды ғаламат көшкінмен қоса ағызатын, өте қауіпті апаттың бірінен саналады.

Іле Алатауында болған үлкен сел жайындағы тұңғыш ғылыми сипаттаманы 1887 жылы Н.В. Муш­кетов жазды. 1921 жылы 8-шілдеде ауқымы шамамен 3 млн текше метрдей болатын сел тасқыны қаланы үлкен шығынға ұшыратқан. Сел тасқыны Кіші Алматы шатқалымен құлап, қаладағы Карл Маркс көшесінің (қазіргі Қонаев көшесі) бойымен өткен. 50-жылда­ры осы көшенің бойында, одан жоғары Кіші Алма­ты өзенінің екі жағында, оған іргелес көшелерде, қаланың шығыс бөлігінде теңкиіп жатқан алып қойтастарды көруге болатын-ды. 1973 жылы 15-шілдеде Тұйықсу мұздығынан пайда болған көлдің тасуынан тас аралас батпақты ағызған еді. Ағынның ауқымы – 4 млн текше метр. Соны Медеу шатқалынан салынған тоспа тоған арқылы тоқтату мүмкіндігі туды. 1977 жылдың тамыз айында Үлкен Алматы өзені аңғарымен тас-батпақты ағынының ауқымы 6 млн текше метрдей болатын сел жүріп өтті. Қазіргі кезде селге қарсы ірі ауқымды құрылыстар салу, одан сақтану, алдын алу шаралары жүргізілуде.

Алматының ауа райы жайлы, континенталь­ды. Орташа температура +8,7 градус мөлшерінде. Жобалау есебі үшін –25 градус, ең жоғарылау деңгейі +43 градус, ал ең төмендеу шегі –38 гра­дус. Қаланың солтүстік, етек жағында температура тау бөктеріндегіден жазда 4-5 градусқа ыстық, ал қыста 4-5 градусқа суық болып келеді. Алматының жазы бұлтсыз, ашық, тым ыстық та емес, күзі жылы, құрғақ, қысы жұмсақ, ал көктемі жауын-шашында­тып келеді. Жел бағдарлағыштың көрсетуі бойынша оңтүстік-шығыс бағытындағы жел көбірек соғады, ал солтүстік, етек жақта солтүстік-батыс бағытта жиірек соғатыны байқалады. Негізінен, ауа алмасуы «тау тыныстауына» бағынышты. Түнде самал таудан қалаға қарай соқса, күндіз тау ыстық ауаны өзіне тартады. Ал көпшілік жағдайда тау қалқасындағы ауаның тұнып тұруы жиірек. Мұндайда қаланы көк мұнар басып кетеді. Бұл құбылыс қыс кезінде жиірек байқалады. Қаланы желдету мәселесі алдағы тұрған көкейтесті шаруаның бірінен саналады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға