Жаңалықтар

Алматы қонысы

Алматы қонысы туралы
17.09.2014 10:52 4282

Іле Алатауының қазіргі Алматы қаласы қоныс тепкен солтүстік бөктерінің табиғаты мен ауа- райы ертеден жайлы болған. Оны ерте заманнан жартылай көшпелі және отырықшы тайпалардың қоныстануы да сондықтан. Археологиялық қазба жұмыстарының олжаларына қарағанда, бұл аймақты б.д.д. Х–VІІ ғасырларда жартылай көшпелі тайпалар мекен еткен. Оған Рысқұлов даңғылының солтүстігіне қарай Тереңқара жылғасына таяу жердегі қоныс дәлел бола алады. Мұнда б.д.д. VІІІ–ІІІ ғасырларда мал бағумен бірге, қолөнер және құрылыс ісімен айналысқан сақ тайпалары өмір сүрген. Қала аймағынан әр мезгілде табылған сақ заманы бұйымдары олардың мәдени даму деңгейін аңғартады. Ендігі бір назар аударарлық нәрсе – Жетісу жеріндегі сақ қорғандары. Қала өңірі мен оның іргесінде осындай
қорған шоғыры Есік, Талғар, Үлкен және Кіші Алматы, Есентай (Весновка) өзендері бойында осы күнге дейін сақталған. Олардың ең ірілерінің биіктігі 20 метр, шеңбер ауқымының диаметрі 100 метрден астам болып келеді. Алматы өңіріндегі байырғы сақтардың сағана-қорғандарына қазба жұмысын жүргізу барысында, кейде кездейсоқ жағдайда сақ мәдениетінің небір көркем бұйымдары ерте заманнан бастап, осы күнге дейін табылып келеді. Мұндай бұйымдар қатарында: мыстан жасалған қазандар, құрбандық бұйымдары, темекі түтігі, қару-жарақ (қанжар, жебенің қаламдығы), ауыздық, білезік, қыш ыдыстар, дән үккіштер бар. Қазба олжаларына қарағанда, Алматы алқабы мен оған іргелес жатқан аймақ б.д.д. VІІІ–ІІІ ғасырларда сақ тайпаларының негізгі тұрағы, қыс қыстауы болғанын аңғартады.
Осы кезеңде Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан өңірінде сақ-тиграхауда тайпалары өмір сүргендігі белгілі. 1969-70 жылдары Алматы қаласынан 50 км жердегі Есік өзені жағасындағы ұлы адамдар қорғаны кешеніне кіретін Есік қорғанына қазба жұмыстары жүргізілді. Мұнан табылған мәдениет ескерткіштері К.А. Ақышевтың «Есік қорғаны» деп аталатын кітабында толық баяндалады. Есік қорғанынан табылған бұйымдардың ішінде ерекше назар аударарлығы – табыт ішінен шыққан төрт мыңнан астам алтын бұйымдар, негізінен, киім әшекейлері, болат қылыш пен қанжар, қола айна, қыштан, күмістен және ағаштан жасалған құтылар, ақық моншақтар және басқа заттар. Таза алтыннан жасалғандары – арқар мүсіншесі, қабылан, аттың, жолбарыстың басы бедерленген қапсырма тоғабастар, елік пішінді ілгек-қаптармалар, киімге әсемдік беретін әртүрлі жапсырмалар. Бұлардың дені сақ тайпалары шеберлерінің қолынан шыққан аса көркем туындылар болып табылады. Қазба жұмыстарынан табылған киім сілемін, оның әшекейлерін қалпына келтіру жолымен «алтын
киімді адамның» пішінін жасау мүмкіндігі туды. Қазіргі кезде бұл «алтын адам» өнердің асыл туындысы ретінде жұрт назарына ұсынылып отыр. К.А. Ақышев «Есік қорғаны» кітабында: «Бұл қорғандардан табылған ғажайып бұйымдар тұңғыш рет сақ тайпаларының жоғары деңгейдегі өзіндік мәдениетін танытты. Қабір басындағы қорғантастың ауқымдылығы, жерлеу рәсімі, қазба олжаларының алуан түрлілігі қоғам дамуы деңгейінің жоғарылығын, сақ патшаларының ұлылығын дәлелдейді» – деп жазады.
Біздің сақ заманы қорғандарынан табылған олжаларға көбірек тоқтағандағы мақсатымыз –
негізінен, көшпелі тірлікпен, мал шаруашылығымен айналысып келген сақтардың осындай ғажайып туындылары табан тіреп тоқтайтын отырықшы мекені, қыс қыстауы, тұрақты баспанасы болмаса, қалайша дүниеге келер еді дегенге назар аудару. Бұл туындылар қолөнермен, металл балқыту, оны өңдеу ісімен айналысқан іргелі елдің кәсібін аңғартады, онсыз осыдан 2,5 мыңжылдай бұрын мұндай мәдениет ескерткіштерінің пайда болуы неғайбыл еді. Жетісу өңіріндегі сақ тайпалары тас пен ағаштан, қамыстан өз дәуіріндегі аса ірі құрылыстарды салды. Егер Бесшатыр бейіті құрылысын алатын болсақ, мұндай жерлеу рәсімі тек отырықшы елдің қолынан келетін тірлік екенін аңғару қиын емес. Отырықшы тірлік
егіншілікті дамытуға да мүмкіндік бергені байқалады (дән үккіштің табылуы, қазан қабырғасындағы дәннің табы т.б.). Б.д.д. III – б.д. V ғасырларда бұл өңірде үйсіндер мен қаңлылардың тайпа бірлестіктері өмір сүрген. Бұлар мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігі сақ дәстүрімен сабақтас, туыстас тайпалар болатын. Б.д.д. – III – б.д. V ғасырларда осы өңірде
отырықшылықтың алғашқы нышаны байқалған кезең болып есептеледі. Археологтар бүгінгі
таңда Жетісу үйсіндерінің б.д.д. І-мыңжылдықтың бірінші жартысында мал шаруашылығымен қатар егіншілікпен де айналысқанын, олардың тұрақты баспанасы, қонысы және қыстауы болғанын дәлелдеп отыр. Ең алғашқы отырықшы қоныстардың қазіргі Алматы өңірінде ірге тебуі б.д. I ғасырына саяды. Бұл кезеңде Алматы өңірінде үйсіндердің бірнеше қонысы болған. Сондай қоныстардың бірі Есентай өзенінің оң жағасында, қазіргі «Горный гигант» совхозының орнында болған. Қазба жұмысы кезінде бұл жерден ошақ орны, мал сүйегі, кереге көз сызығы бар қыш ыдыстар сынығы табылды. Қоныстың ірге тебуі б.д. І–ІІІ ғасырларына саяды. Осы тектес қыш ыдыс сынығы аэропорт маңынан да табылды. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға