Жаңалықтар

Алматы қаласында Конституция күніне арналған қалалық автошеру ұйымдастырылды

Алматы қаласында Конституция күніне арналған қалалық автошеру ұйымдастырылды
27.02.2015 09:49 4675

50-ден астам көлік қатысқан автошеруді Алматы қаласының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма мен «Алматы БМВ Клуб» белсенділері ұйымдастырды.

Алматы қаласында Конституция күніне арналған қалалық автошеру ұйымдастырылды

«Шараның басты мақсаты – жастарға тәуелсіздік ата-бабаларымыздың ерен еңбегінің арқасында келгенін еске салу. Олар осы құқық үшін күресті, еңбек етті. Бостандыққа құқығымыз еліміздің Ата Заңы – ҚР Конституциясында бекітілген. Конституция тек мемлекеттің ғана емес, қоғамның да Ата Заңы болып табылады. Осы идеяның меншікке, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қоғамдық бірлестіктерге, отбасына және тағы басқаларға қатысы бар екендігін ұмытпауымыз керек. », - деп атап өтті басқарма төрағасы Санжар Боқаев. 

Автошеру сағат 11:00-де Қазыбек би мен Панфилов көшелерінің қиылысында бастау алды. Әрі қарай қаланың орталығында Сәтпаев көшесінің бойымен, одан кейін Сайын көшесінен төмен Рихард Зорге көшесіне дейін жалғасты. Автошеруге келген жастар саны көп болды. Біреулер тамашалауға келсе, екіншілері көліктерімен қатысуға келді.

Ұйымдастырушылар аталмыш шара барысында Қазақстан Республикасының көк туын желбіретіп, мемлекеттік рәміздің құндылығын насихаттады

Автошеруге жалпы саны 50-ден астам темір тұлпар қатысты. Осындай патриоттық акция арқылы қала жастары мемлекет тұрғындарын бүкіл еліміз үшін аса маңызды мемлекеттік мерекемен құттықтады.

 Талғат Серікұлы, автошеруге қатысушы:

-       Кеңес жүйесі тарап, Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін 1993 жылы парламент қабылдаған бірінші Конституция Республиканың дамуындағы зор қадам болды. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Конституция біздің бостандықтарымыздың негізіне айналды» деп бекер айтпады. Ол бізге тәуелсіздік алып келген жеңістеріміздің, біздің тапқан табыстарымыздың бүкіл кешенін баянды етті

Ата Заңымызды бұлжытпай орындаудың нәтижесінде Отанымыздың бірлігі нығайып, елдегі тұрақтылық пен татулық орнықты. Жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Соған рахмет айтудың бір түрі ретінде осындай іс-шараға қатысудан бас тартпадым.

 Ырысгүл Шаймерденова:

-  Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырды. Ал, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары деп айқындалды. Мемлекеттiк билiктiң бiрден-бiр бастауы – халық. Сондай-ақ, халық билiктi тiкелей республикалық референдум және еркiн сайлау арқылы жүзеге асырып, өз билiгiн жүзеге асыруды мемлекеттiк органдарға бередi. Осындай бейбітшілік пен тыныштық берік орнаған мемлекетте тұрып жатырғанымызға өте қуаныштымыз. Біз бақытты жастармыз! 

Айсауле Нұрлыбек

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға