Алматы – Олимпиада өткізуге тұңғыш боп ресми өтініш жасаған қала
Таяу күнде 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының астанасы ресми түрде белгіленеді. 31 шілдеде Халықаралық олимпиада комитеті 2022 жылғы қысқы олимпиада өткізуші қаланы анықтайды. Бағалау комиссиясы екі кандидат қала – Алматы мен Пекиннің өтінішін қарап жатыр.
Алматы мамыр айында ХОК-тың алдында қаланы таныстыру барысында біршама ұпай жинаған еді. Алматының жарнамалық ұраны – «Keeping it real».
Алматы –2022 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге алғаш болып ресми өтініш жасаған қала (2013 жылдың тамыз айының ортасында). Егер Алматы қаласының өітініші мақұлданса, Қазақстан мемлекеті посткеңестік елдер арасынан ең алғаш боп Олимпиада ойындарын өткізген елге айналады (Бұл тізімге 2014 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарын өткізген Ресейді қоспағанда).
Алматы қаласы Олимпиадаға біршама дайын. 2011 жылғы қысқы Азия ойындары мол тәжірибемен бірге үлкен спорт нысандарын сыйласа, 2017 жылы өтетін қысқы Универсиада олардың қатарын толықтыратын болады. ХОК-тың бағалауынша, Алматы олимпиада өткізуге 62 пайыз дайын көрінеді. Ол үшін әлі бірнеше нысандар салынуы тиіс: шорт-трек пен мәнерлеп сырғанау өтетін кешен, шана мен бобслейге арналған трасса. Әйтсе, бұл нысандар 2017 жылға дейін салынып бітеді деп жоспарланған. Сондай-ақ, Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешеніне 3 мың адам сияды. Ал олимпиада ойындарының жарысын өткізу үшін кем дегенде 5 мың адамға арналған орын болу керек. «Медеу» мұз айдынында олимпиада ойындарын өткізу үшін оның төбесін жабу қажет. ХОК ережесіне сай қысқы олимпиада жарыстары (шаңғы, биатлон, трамплиннен секіруден өзгесі) тек жабық кешендерде өтеді.
Бүгінде қысқы Олимпиада өткізу үшін Алматының басты бәсекелесі Пекин. Өздеріңіз білетіндей, 2008 жылы Пекинде жазғы Олимпиада жоғары деңгейде өтті. Пекиннің қысқы спорттан әлем чемпионатын ұйымдастыруда да тәжірибесі мол. 2014 жылы керлингтен ерлер арасындағы әлем біріншілігін қабылдады. 2015 жылы шорт-тректен әлем чемпионатын өткізеді.
2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына үміткер бас-аяғы алты қала болған еді:
Швецияның астанасы Стокгольм алғаш болып өтініш жасаған қалалардың бірі еді. Әйтсе де, 2014 жылдың басында Стокгольм мэрі Олимпиада ойындарынан бас тартты.Польшаның Краков қаласы референдум өткізгеннен кейін (2014 жылдың 25-мамырында) Олимпиада ойындарын өткізуге туралы өтінішін қайтарып алды.Украинаның Ұлттық Олимпиада комитеті елдегі шиеленіскен саяси жағдайды ескеріп, Львов қаласы 2026 жылы өтетін Қысқы Олимпиада ойындарына таласады деген шешімге келді.Швецияның Осло қаласы 2014 жылдың 1 қазанында қаржылық жағдайға байланысты әлі дайын емес екендігін мәлімдеді.Әзірлеген: Досжан Мейірім.