Алматы сейсмикалық қауіпсіздікті арттыру үшін Қытаймен серіктестікті нығайтпақ

Алматы әкімі Ерболат Досаев Қытайға сапары барысында ҚХР-дың жер сілкіністері жөніндегі агенттігіне (China Earthquake Administration, CEA) барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Сапар аясында Қазақстанның Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығы мен CEA Геофизика институты арасында келісімге қол қойылды. Құжат сейсмикалық мониторинг бойынша бірлескен жұмысты және жер сілкінісі туралы ерте хабарлау жүйелерін біріктіруді көздейді. Бұл қазақстандық және қытайлық мамандарға нақты уақыт режимінде жедел дерек алмасуға мүмкіндік береді.
Әкімдіктің мәліметінше, Алматыда қазір жер сілкінісі туралы ерте ескерту беретін 28 станция жұмыс істейді. Алдағы уақытта тағы 70 станция орнату жоспарланған. Биыл 30 жаңа станция іске қосылмақ.
