Алматы полициясы көлік ұрысын қолға түсірді
Алматы полициясы көлік ұрысын қолға түсірді, – деп хабарлайды El.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Бұрын бірнеше рет сотталған Алматы облысының тұрғыны бөтен біреудің жол талғамайтын көлігін ұрлап кетті. Әуезов ауданы полициясының мәліметінше, 31 жастағы К. есімді азамат бұрын алаяқтық және қарақшылық жасағаны үшін жазасын өтеген. Бұл жолы ер адам көлік ұрлауды қолға алған.
Ол Toyota Land Cruiser көлігін екінші шағын ауданда байқаған. Жол талғамайтын көліктің иесі көлігінің жоғалғанын, қаладан шығып кеткенін телефонына GPS қосымшасы арқылы SMS-хабарлама келген кезде ғана анықтаған.
– Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында көліктің тұрған жері анықталды. Патрульдік жасақ осы қылмысты жасады деген күдікпен К. есімді азаматты ұстады. Сотқа дейінгі тергеу барысында күдікті өз кінәсін толықтай мойындады. Ұсталған азаматтың осыған ұқсас басқа да оқиғаларға қатысы бар екендігі жоққа шығарылмайды. Бұл бағытта тексеру жұмыстары жалғасуда. Тергеу кезеңінде К. есімді азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді Әуезов аудандық Полиция басқармасының бастығы Ұлан Әбілқайыр.