Жаңалықтар

Алматы облысында жаңа өрт сөндіру бөлімі ашылды

Алматы облысында жаңа өрт сөндіру бөлімі ашылды
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі 15.03.2025 22:39 102

Алматы облысы Талғар ауданының Жаңалық ауылында "Қайрат" индустриялық аймағының аумағында орналасқан №14 жаңа өрт сөндіру бөлімі ашылды. Салтанатты іс-шараға Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әрінов, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев және азаматтық қорғау органдарының ардагерлері қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жаңа нысан жергілікті бюджет қаражаты есебінен салынған. Ол 40 мыңға жуық адам тұратын жеті елдімекеннің, сондай-ақ индустриялық аймақтағы өнеркәсіптік кәсіпорындардың өртке қарсы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған.

Жиында сөз алған министр жаңа өрт сөндіру бөлімінің ашылуы өңірдегі қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін маңызды екенін атап өтті.

Индустриялық аймақта өрт сөндіру бөлімшесін құру - бұл тұрғындарды қорғау ғана емес, сондай-ақ өнеркәсіптік объектілердің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету. "Ауыл құтқарушылары" бастамасы аясында біз ауылды жерлерде өрт инфрақұрылымын жаңғырту бойынша жұмысты жалғастырып, құтқарушыларымыздың жабдықталуын күшейтіп, қызмет көрсету жағдайларын жақсартып жатырмыз, - деді Шыңғыс Әрінов.  

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өз сөзінде өңірді дамытуға кешенді қараудың маңыздылығына назар аударды.

Инвестициялар тарту және өнеркәсіп секторының тұрақты өсуі үшін сенімді қауіпсіздік жүйесі қажет. Жаңа өрт сөндіру бөлімінің ашылуы Қазақстан ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысының нәтижесі болды, адамдардың өмірі мен денсаулығын, сондай-ақ индустриялық аймақ объектілерін қорғауға бағытталған,-деді аймақ басшысы.

Жаңа өрт сөндіру бөлімі тәулік бойы кезекшілікті ұйымдастыру үшін барлық қажетті үй-жайлармен жабдықталған. Атап айтқанда, әкімшілік кабинеттер, диспетчерлік бөлмелер, қызметкерлерге арналған тамақтану, демалу және психологиялық тұрғыдан жеңілдеу бөлмелері, сондай-ақ "Batyr team"ведомстволық клубының залы бар. Гараж боксында заманауи өрт сөндіру техникасы орналасқан. Іргелес аумақта көше жарығы орнатылып, спорт алаңы жабдықталған.

Өрт сөндіру бөлімінің ашылу салтанатында Төтенше жағдайлар министрі  қызметкерлерге Алғыс хаттар мен Toyota Hilux жаңа арнайы өрт сөндіру техникасы мен автомобильдерінің кілттерін табыс етті.   

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға