Жаңалықтар

Алматы облысында тірек-қимыл жүйесін емдеудің заманауи тәсілдері енгізілді

Алматы облысында тірек-қимыл жүйесін емдеудің заманауи тәсілдері енгізілді
Фото: Алматы облысының әкімдігі 28.01.2024 21:36 713

Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Белбұлақ ауылында Халықаралық травматология және ортопедия ғылыми орталығында тірек-қимыл жүйесінің ауруларын емдеу ісінде жаңашылдық енгізілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, енді мекемеде халықаралық стандарттарға сай заманауи тәсілдер қолданылып, медициналық қызмет көрсетудің сапасы артып отыр. Осы тұрғыда аймақта алғаш рет иық буынын эндпротездеу отасы жасалды.

Бұл ем өңір тұрғындары үшін МӘМС жүйесі арқылы қолжетімді болып отыр. Тың әдіс тұңғыш рет еңбекшіқазақтық тұрғынға қолданылды. Саймасай ауылының азаматы 1,5 жыл бұрын сатыдан құлап, иығын ауыр жарақаттап алған. Оқыс жағдайдан кейін қолын қозғалту қиындап, буын артрозына шалдыққан.

Тексеруден өткізгеннен кейін науқасқа оң жақ иық буынының 4-дәрежелі деформациялық артрозы деген диагноз қойылды. Оның сақтандыру мәртебесі болғаннан кейін жергілікті жеріндегі емханадан бізге жолдамамен келді. Сондықтан біз оған МӘМС шеңберінде оң жақ иық буынының реверсті эндопротездеу отасын тегін жасадық. Мұндай операция бұрын-соңды тек Астана, Алматы қалаларында жасалса, қазір бұл жоғары технологиялық әдіс Алматы облысының тұрғындарына да қолданылып жатыр. Бүгінде тек біздің аймақтан ғана емес, өзге өңір адамдары да келіп, ем қабылдауда, - деді Халықаралық травматология және ортопедия ғылыми орталғының бас директоры Ерсін Жүнісов.

Қазіргі таңда науқастың жағдайы қалыпты. Жоспарға сәйкес, оңалту шараларынан өтіп жатыр.

Жалпы, иық буынының эндпротездеу отасы Қазақстанда сирек жүргізілсе, Алматы облысында алғаш рет жасалып отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға