Жаңалықтар

Алматы облысында қылмыстық топтың ұйымдастырушылары ұсталды

Алматы облысында қылмыстық топтың ұйымдастырушылары ұсталды
Фото: rg.ru 15.03.2023 09:39 857

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті ауқымды арнайы операция барысында интернет-ресурстардың көмегімен синтетикалық есірткілер өндірісін және оларды Қазақстан аумағында өткізуді ұйымдастырған трансұлттық қылмыстық топтың қызметін жойды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Polisia.kz сайтының мәліметінше, былтыр жыл аяғында Алматы облысындағы ведомствоның жедел қызметкерлері өңір аумағында үш жасырын зертханада синтетикалық есірткі өндірісін ұйымдастырған сегіз шетелдік анықталып, ұсталған.

Одан әрі жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қосымша осы қылмыстық топты қаржыландыруға, сондай-ақ есірткі өндіруге арналған химиялық заттарды, зертханалық жабдықтарды Қазақстанға жеткізуге жауапты шетелдік ұйымдастырушыларды анықтаған.

Прекурсорларды жеткізуді, сақтауды және өткізуді ұйымдастырған ұйымдастырушылардың бірі Алматы қаласында ұсталды. Тінту барысында ол жалға алған алты қоймадан есірткі өндіру цикліне арналған сегіз «реактор» деп аталатын арнайы зертханалық жабдық және 13 тонна прекурсорлар тәркіленді, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, синтетикалық есірткі өндіруге арналған 30-дан аса басқа жабдық, оның ішінде вакуумдық сүзгілер, терморегуляторлар, сорғылар тәркіленген. Үш жеке үй мен үш автокөлікке тиым салынған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға