Алматы облысында Қазақстандағы алғашқы Креативті индустрия саябағы ашылды
Қаскелеңде Қазақстандағы алғашқы Креативті индустрия саябағы салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, бұл парк Energo University (Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті) базасында жұмыс істейтін болады.
Іс-шараға Алматы облысының басшылығы, ҚР Мәжілісінің депутаттары, бизнес қауымдастығы мен креативті индустрия өкілдері қатысты.
Креативті саябақ 12 гектар аумақты қамтиды. Территорияда жайлы саябақ зонасы, спорттық және тақырыптық алаңдар орналасқан.
Ашылу күнінде киноиндустрия форумы өтті, оған Нью-Йорк киноакадемиясының президенті Майкл Янг және басқа да топ-менеджерлер қатысты. Саябақта әлемге әйгілі академиямен бірлесіп, Креативті индустрия мектебін ашу жоспарланып отыр. Онда кино, медиа, дизайн, анимация, ойын жасаушы, жасанды интеллект және жасыл технология саласы бойынша мамандар даярланады.