Жаңалықтар

Алматы облысында қаскөй бір адамның сарайынан төрт рет мал ұрлаған

Алматы облысында қаскөй бір адамның сарайынан төрт рет мал ұрлаған
Фото: © Pixabay.com 01.02.2024 07:19 772

Полиция қызметкерлері бір жерден төрт рет мал ұрлаған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Полиция мәліметінше, Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданының 25 жастағы тұрғыны алғаш рет 28 қаңтарда көмек сұрап келген. Себебі оның жылқысымен қатар бірнеше қойы жоғалыпты.

Сарайынан құны 600 мың теңге болатын бір бас жылқысы ұрланған. Аталған жағдайға дейін оның табынынан қойлары да жоғалғаны белгілі болды. Бір жарым айдың ішінде оның жалпы сомасы 900 мың теңге болатын бірнеше бас ұсақ малы мен бір бас жылқысы ұрланған, - делінген мәліметте.

Аталған қылмыстар Шелек ауылының полиция бөлімінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша тіркелді.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны дереу ұстады. Ол 29 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Қазіргі уақытта ол өз қылмысын толық мойындап, УҰИ-ға қамаққа алынды.

Қазіргі уақытта ұсталған адамның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын тексерумен барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға