Алматы облысында қар көшкіні болды

Алматы облысындағы қар көшкіні туралы шұғыл ақпарат жария болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
22 наурыз күні сағат 17:00 шамасында республикалық маңызы бар «Алматы-Космостанция» тас жолының 19-шақырымының жол бөлігінде өздігінен қар көшкіні тіркелді. Табиғат құбылысының салдарынан 600 м3, ұзындығы 50 м, биіктігі 2 метр аумақ қар астында қалды.
Қазіргі таңда «Қазавтожолсервис» ЖШС қызметкерлері аталмыш жол бөлігінде тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, 2 бірлік техника (тиегіш-1, бульдозер-1) және 10 адам жұмылдырылды. Оқиға орнында кезекшілік ұйымдастырылып, жағдай бақылауға алынып отыр.
2018 жылы жауын-шашынның көп түсуі мен топырақ эрозиясының салдарынан 17-19 шақырымдық учаскеде жол бөлігі бұзылған болатын. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 14-34 шақырым учаскесінде көліктердің өтуіне (арнайы қызметтерді қоспағанда) уақытша шектеу қойылып, 14-500 шақырымда уақытша бақылау бекеті құрылған еді.
