Алматы облысында мемлекетаралық іздеуде жүрген шетел азаматтары ұсталды

Алматы облысында мемлекетаралық іздеуде жүрген төрт шетелдік азамат ұсталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Polisia.kz мәліметінше, өткен аптада өңір аумағында жүргізілген жедел іс-шаралар барысында өз елінде түрлі қылмыстар жасады деген күдікпен көршілес елдің азаматтары ұсталды. Олардың қатарында 1981 жылы туған бір әйел және 1980, 1989, 1990 жылдары туған үш ер адам бар. Полиция ұсталғандардың бірі аса ірі көлемдегі алаяқтық үшін, екіншісі азаматтарды тау-кен-металлургия комбинатына жұмысқа орналастыру сылтауымен алдағаны үшін іздеуде болғанын алға тартты.
Әйел адам мобильді телефондарды сату арқылы түскен ақшаны иемденіп алған деген күдікке ілінсе, тағы бір ер адам экономикалық қылмыстар жасағаны үшін іздеуде болған. Алдын ала мәлімет бойынша шетелдіктер Қазақстан аумағында жасырынып, мұнда да қылмыстық әрекеттерін жалғастыруды көздеген болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ұсталғандарды өз еліне қайтару мәселесі қарастырылуда. Сонымен қатар олардың өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр, — деп мәлімдеді полиция өкілдері.
