Жаңалықтар

Алматы облысында колледж студенттері жалғыз антифриз зауытының жұмысымен танысты

Алматы облысында колледж студенттері жалғыз антифриз зауытының жұмысымен танысты
Фото: amanatpartiasy.kz 09.04.2025 20:44 390

Алматы облысында жастардың кәсіби бағытын айқындауға арналған кезекті маңызды бастама жүзеге асты. Жұмысшы мамандықтар жылы шеңберінде «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатының ұйымдастыруымен колледж студенттеріне арналған өндірістік экскурсия өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл — республика көлемінде жыл басынан бері ұйымдастырылып жатқан бірқатар шаралардың жалғасы.

«Жастар Рухы» жыл басынан бері еліміздің түкпір-түкпірінде мыңдаған студентке нақты өндірістік процестермен танысуға мүмкіндік беретін шаралар кешенін ұйымдастырып келеді. Мұндай шаралар жастарды еңбекке баулудың, олардың кәсіби бағдарын нақтылаудың және білікті кадрлар даярлаудың тиімді құралына айналуда.

Шара аясында 30-дан астам студент Қазақстандағы жалғыз антифриз өндіруші — «Бағашар Мекен» ЖШС зауытына барып, өндірістік процестермен және кәсіпорынның ішкі құрылымымен жан-жақты танысты.

Экскурсия барысында студенттерге антифриз өндірісінің толық технологиялық циклі көрсетілді: шикізат қабылдау, араластыру, сапа бақылауы және дайын өнімді буып-түю. Сонымен қатар, студенттер зауыттың заманауи зертханасын аралап, өнім сапасын бақылау жүйесімен танысты. 

«Жастар Рухы» Алматы облыстық филиалының төрағасы Медет Бекбергенов өз ойын білдірді. 

Біздің басты мақсатымыз — жастарға нақты өндірістік ортада тәжірибе жинауға мүмкіндік беру. Бұл — еңбек нарығына жас мамандарды сапалы дайындаудың маңызды тетігі. «AMANAT» партиясының бағдарламалық мақсаттарының бірі — жастарды жұмыспен қамту және олардың кәсіби дамуын қолдау, - деп атап өтті төраға. 

Зауыт жылына 25 мың тоннаға дейін антифриз өнімдерін шығарады. Өнім Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанға экспортталады. Кәсіпорында 200-ге жуық адам еңбек етеді, олардың басым бөлігі - жергілікті тұрғындар.

Іс-шара аясында колледж, зауыт және «Жастар Рухы» ұйымы арасында үшжақты меморандумға қол қойылды. Құжат студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне және үздіктердің жұмысқа қабылдануына жол ашады. Жыл соңына дейін осындай 20 колледжбен келісім жасалып, кемінде 500 студент тәжірибе мен жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады.

Экскурсияға қатысқан Қонаев қаласының көпсалалы колледжінің студенті Әли-Әзиз Мұқан да пікір білдірді. 

Бұған дейін зауыт ішін тек сыртынан ғана көретін едік. Бүгін нақты өндірісті өз көзімізбен көріп, мамандармен сөйлесіп, өзіміздің болашағымыз туралы ойлана бастадық. Маған сапа бақылау бөлімі қатты ұнады — осы бағытта көбірек зерттеп, өзімді дамытқым келеді, - деді ол. 

Жалпы, 2024 жылдың басынан бері Алматы облысында «Жастар Рухы» бастамасымен 6 өндіріс орнына экскурсия ұйымдастырылып, 100-ден астам студент қамтылды. Бұл бастама студенттердің болашақ кәсібіне ерте бейімделуіне және нақты жұмыс орнымен байланыс орнатуына мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға