Алматы облысында 89,7 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды
Алматы облысында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Бұл туралы облыстық әкімдікке сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы облысында 2024 жылы жалпы алаңы 422,0 мың гектарды құрайтын 1462 ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмайтын жер учаскелері анықталды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің тапсырмасы бойынша, 2024 жылдың соңына дейін жалпы алаңы 70 мың гектар пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған болатын. Осы мақсатта ауыл шаруашылығы мақсатындағы 89,7 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінде 74,8 мың гектар жерді меншік иелері өз еркімен берсе, 14,9 мың гектар жер сот арқылы тәркіленді, - делінген мәліметте.
Облыс басшылығы қараусыз қалған жерлерді анықтау, заң бұзушылықтардың алдын алу және жердің экологиялық жағдайын жақсарту шараларын күшейтуді жоспарлап отыр.