Жаңалықтар

Алматы мен Балқашты жылумен жабдықтауда 288 млн теңге жымқырғандар ұсталды

Бұл туралы Антикор мәлім етті
Алматы мен Балқашты жылумен жабдықтауда 288 млн теңге жымқырғандар ұсталды
Фото: sputnik.kz 23.01.2023 17:05 954

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Алматы жылу желілері» ЖШС және «Балқаш жылу» ЖШС басшылығына қатысты қылмыстық істерді тергеуде, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«АлТС» ЖШС бас директоры мен басқа да қызметкерлері 16 миллион теңге көлемінде пара алды деп күдіктелуде (ҚР ҚК 366-бабы).

«Балқаш жылу» ЖШС директорының бұрынғы орынбасары және бас бухгалтері өздерінің карточкалық шоттарына артық жалақы есептеу жолымен 272 миллион теңгеден астам ұрлық жасады деп күдіктелуде (ҚР ҚК 189-бабы). Бұл ретте серіктестіктің жеткізушілер алдында 1,5 миллиард теңгеден астам сомаға қарызы болған.

Екі факт бойынша да күдіктілердің кінәсін толық мойындауына байланысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған жоқ.

Тергеу жалғасуда. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Айта кетейік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жемқорлық тәуекелдерінің картасын іске асыру аясында неғұрлым проблемалы және жемқорлыққа бейім салаларды анықтауды жалғастыруда. Жылумен жабдықтау ел өңірлеріндегі өткір әлеуметтік проблемалардың бірі болып табылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға