Алматы мектептерінде орын тапшылығы қашан шешіледі
Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаеваның сөзіне қарағанда, мектептердегі орын тапшылығы 2026 жылға азаяды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Шаһар әкімдігі таратқан дерек бойынша, қалада 320 601 оқушы оқитын 313 мектеп жұмыс істейді, оның ішінде 292 015 оқушы білім алатын 214 мемлекеттік мектеп және 28 586 оқушыны қамтыған 99 жекеменшік мектеп бар. Жыл сайын оқушылар саны демография мен ішкі көші-қон есебінен орта есеппен 12-14 мың балаға өседі.
Алматыда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 37 100 орындық 22 мектеп салу жоспарланған. Сонымен қатар 5570 орындық 11 нысан іске қосылады. 2026 жылға қарай оқушы орнының тапшылығы жыл сайынғы өсімді ескере отырып, қажетті деңгейге дейін азаяды, - деді Ләззат Жылқыбаева.