Жаңалықтар

Алматы, Ақмола және Алматы облыстары туризмді дамытуға бірлесіп күш салады

Алматы, Ақмола және Алматы облыстары туризмді дамытуға бірлесіп күш салады
Фото: Алматы әкімдігі 23.08.2024 20:18 475

Мемлекет басшысының Алматы өңірінде және Щучье-Бурабай курорттық аймағында туристік нысандарды дамыту туралы тапсырмасын іске асыру үшін Алматыда туризм саласындағы өңіраралық ынтымақтастық мәселесі бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шараға Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев, сондай-ақ туризм басқармаларының басшылары қатысты.

Алматы әкімі Ерболат Досаев атап өткендей, шаһардың экономикалық дамуы оның туристік тартымдылығының өсуімен тығыз байланысты. 2023 жылы Алматы ШЫҰ-ның мәдени және туристік астанасы болып танылды, бұл туристер санының 2022 жылмен салыстырғанда 12,6% көбеюіне әсер етті.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Алматыға 2 млн. астам адам келді, шетелдік туристер саны 29,5% өсті, бұл қаланың туристік бағыт ретіндегі жаһандық тартымдылығын растайды. Туризмді дамыту инфрақұрылымға салынған инвестиция арқылы жүзеге асады (биылғы 7 айда 54,6 млрд.теңге). Туризм саласынан түсетін салық түсімдері 32,4% өсіп, жарты жылда 40,6 млрд. теңгеге жетті.

Алматыда жыл сайын әлеуметтік-демографиялық сипаттамаларды, келу мақсаты мен қалада болу ұзақтығын қосқанда, мақсатты аудиторияны жақсы түсінуге көмектесетін «Туристің портреті» зерттеуі жүргізіледі. Шетелдік турист - көбінесе жалғыз саяхаттайтын 26-35 жастағы ер адам (40%). Келудегі негізгі мақсаты – мәдени іс-шараларға (48%) және экотуризмге (44%) уақыт өткізу (68%). Тұрудың орташа ұзақтығы 5 күн, орташа чек тәулігіне 334 доллар (160 320 теңге), бұл ішкі туристің орташа чегінен 8,7 есеге көп.

MasterCard-пен серіктестік негізгі үрдістерді бақылауға және туристік әлеуетті дамытуға мүмкіндік береді. Платформаның мәліметінше, Алматыда бірқатар көрсеткіш жақсарған. Туристердің қанағаттану индексі (GTPI) 2024 жылдың қаңтарынан шілдесіне дейін 6% өсіп, 71% болды. Шетелдік туристер климат (89%), туристік өнімдер (79%) және қонақ үйлер (52%) туралы жағымды пікір айтады. Туристің жеке сапарларына орташа шығыстары тәулігіне 165,4 доллар (79,4 мың теңге), бизнес-турист 425 доллар (204 мың теңге) жұмсайды, бұл Алматыда MICE-туризмді дамытудың маңыздылығын көрсетеді.

Щучье-Бурабай курорттық аймағы, Зеренді курорттық аймағы, «Бурабай», «Көкшетау», «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық саябақтары және Қорғалжын қорығы сияқты бірегей табиғи нысандар орналасқан Ақмола облысы да туризмді дамытуға кіріскен.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, өңірде емдеу-сауықтыру, рекреациялық, экологиялық және аграрлық туризм орталықтары белсенді дамып келеді. 2023 жылдың және осы жылдың бірінші жартыжылдығының нәтижесі оң сипатқа ие: өңірге жалпы туристік ағын 6% өсіп, 1,3 млн.келушіге, оның ішінде 18,2 мың шетелдік туристке жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 114% көп. Көрсетілген туристік қызмет көлемі 23% өсті, ал соңғы үш жылда туризм саласына салынған инвестиция екі есеге артып, 2023 жылы 27,8 млрд.теңгеге жетті. Өңірде инвестиция тарту және қолайлы инвестициялық ахуал жасау бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп келеді, бұл Ақмола облысының туристік әлеуетінің тұрақты өсуі мен дамуын қамтамасыз етеді.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев өңірде Қазақстанның туристік картасына енгізілген 33 аумақтың 9-ы шоғырланғанын атап өтті. 

Бізде «Көлсай көлдері», «Шарын» және «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтары сияқты бірегей табиғи нысандар бар. Туристер үшін инфрақұрылымды дамыту бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Жаңа орналастыру нысандарын құрып жатырмыз. Биыл алғашқы 6 айда Алматы облысында шетелдік қонақтар саны 73 мыңнан асты - бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көп, - деді Рустам Исатаев.

Өткізілген маркетингтік зерттеулерді ескере отырып, Алматы әкімі Ерболат Досаев кеңеске қатысушыларға шетелдердің тәжірибесін пайдалана отырып, отбасылық және балалар пакеті бар бірегей туристік өнімдерді дамытуды ұсынды. Әуе компаниялармен, қонақ үй желісімен және жеңілдетілген қаржыландырумен бірлескен жобалар бойынша бастамалар да қолдау тапты. Кеңес қорытындысы бойынша тараптар бірыңғай туристік өнімдер құруды, халықаралық нарықтағы орнын нығайтуды, семинар өткізуді және өңірлерді дамыту үшін халықаралық көрмелерге қатысуды көздейтін серіктестік туралы меморандумға қол қойды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға