Жаңалықтар

Алматының даралығын айшықтаған музей

Алматы туралы тарихқа қаныққыңыз келе ме?
Алматының даралығын айшықтаған музей
Фото: Бақытгүл Абайқызы 26.06.2017 16:26 7593

Мыңжылдық тарихы бар әйгілі Алматы – тау қойнауында тамылжыған  табиғатымен ерекшеленетін көне шаһар. Еліміздің оңтүстік астанасы саналатын «алма қаласы» Қазақстанның ең ірі мегаполисі ретінде де дараланады. Қойынына сан ғасырлық тарихын жасырған дара қаланың тереңіне үңілгіңіз келсе, Алматы музейін аралаңыз.

Алматы музейінің жаңа ғимараты Тәуелсіздігіміздің 25-жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ашылды. Музей Мәскеу, Лондон, Хельсинки, Амстердам музейлерімен бірге әлем бойынша 60-тан астам қала музейлерінің тізіміне енген.

Алматы музейінің қорында Алматы қаласына қатысты 40 мыңға жуық жәдігер сақтаулы. Музейдің экспозициялық аумағы 200 шаршы метрге жетеді. Музей XIX ғасырда архитектор Поль Гурдэнің жобасымен тұрғызылған, бүгінде мемлекеттің қорғауындағы тарихи-мәдени ескерткішке айналған ғимаратта ашылды. Музей экспозициясы Алматы қаласының көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарихын бейнелейтін 11 залдан тұрады.    

Шаһар тарихынан сыр шертетін музейде қола дәуірінен бастап, қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын ерекше жәдігерлермен танысуға болады.  Негізігі экспонаттар қатарын С.Калмыков, Н.Соловьев, М.Ержанов, М.Нұрлыбаев, А.Уткин сынды қылқалам шеберлерінің жұмыстары толықтырып тұр. Нақтырақ айтар болсақ, авторлардың қолданбалы өнер туындылары, қазақ этнографиясының бірегей жинақтары, сондай-ақ қазір Алматыны мекен ететін халық өкілдері этнографиясы, әртүрлі дәуірлер мен мәдениеттерден құралған жәдігерлер коллекциясы, нумизматика, фото және мұрағат құжаттарын көруге болады.

Бірінші бөлім – археология бөлімі. «Алматының ерте және ортағасырлық тарихы» залы деп аталатын экспозицияда Алматының осыдан үш мың жыл бұрын кішкентай елдімекендерде қалыптаса бастауы, ортағасырдағы Ұлы Жібек жолы, сондай-ақ оның әкімшілік биліктің, қолөнер мен сауданың, мәдениет пен идеологияның орталығына айналуын бейнелейтін жәдігерлермен таныса алсыз.  Мұнда Алматының барлық скиф – сақ әлемі, түрік әмірлігі кезеңі мен XIV ғасырға дейінгі орта ғасырлықтың басты саяси және сақ орталықтарының біріне айналып тұрған сақ дәуіріндегі (2500 жыл бұрынғы) қала тарихы көрсетіледі. Қызықты көрме қойылымдарының арасынан біздің заманымызға дейінгі V–III ғасырлардағы сақ дәуіріне жататын қола қазандарды ерекше атап кетуге болады. Ежелгі әлемнің тұрмысы, діни көріністері, мәдени жерлеу құралдары мен сәулет өнерінен хабар береді.

Қола дәуіріндегі жаңалықтың бірі – металлургияны (қоланы) өндіре бастауы, - дейді экскурсовод Жаңагүл Қайратқызы. – Қола дәуірінің өкілдері мал шаруашылығы, егіншілік сондай-ақ металл өндірумен шұғылданған. Тереңқара өңірінен табылған қазба жұмыстарының нәтижесінде біздің заманымызға дейінгі XIV пен XIX ғасыр аралығына тән дән үккіштер, қыш қазан, құмыра, тостаған, ұршық секілді күнделікті тұрмыста қолданатын ыдыс-аяқ түрлері мен тұрмыстық заттар келушілердің назарына ұсынылып отыр.

Музейдегі тағы бір көңіл аударарлық жаңалық – мултьтимедиялық led экрандар арқылы қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде қосымша мәліметтер алуға болатыны. 

«Қазақ мемлекеттілігінің бастауы» және «Жетісу этнографиясы» залы аймақтың Қазақ хандығының қалыптасуы және дамуы тұсындағы тарихын, қазақтардың әскери өнерін, қазақ этнографиясын көрсетеді.

Қазақ халқының материалдық құндылықтары бөлімінде Жетісу өңірін мекендеген қазақтардың өмірін бейнелейтін зергерлік бұйымдардың, тұрмыстық заттар қойылған.

Қаланың  XIX-XX ғасырлардың тоғысындағы өмірін сипаттайтын экспозиция «Алматы тарихының Верный кезеңі» залында көрсетілген. Қызыл ағаш шеберлерінің сирек кездесетін жиһаздарынан тұратын және XIX ғасырдың тұрмысын бейнелейтін заттардан құралған зал сол кезеңнің өмірін тамаша сипаттай білген. Экспозициядағы орталық бөлік А. Зенковқа арналған.

– Бұл бөлімде келушілер шаһардың қалыптасуының жоспарлық құрылымы, ХІХ ғасыр соңы – ХХ ғасыр басындағы қалалық сәулет өнеріне тән стильдердің сан түрін, қалаға қауіп төндірген табиғи апаттарды көре алады, - дейді музейдің ғылыми хатшысы Лаура Бейсек. – Әйгілі фотограф ретінде танылған А.Лейбин түсірген Верный қаласының фотожылнамасы музейдің құнды жәдігерлері қатарында деп айтуға болады. Сонымен қатар келушілердің назарына құрылыс ғылымын дамытуда Жетісудағы сейсмотұрақты құрылыс саласы жаңа бағытының негізін салушы, танымал инженер А.П.Зенковтың жеке заттары ұсынылып отыр.

«XX ғасырдағы Алматы» залы Қазақ КСР-інің астанасы Алматының маңызды тарихынан сыр шертеді. «Түркісіб», «Саяси репрессиялар», «ҰОС жылдарындағы Алматы» инсталляциялары мен проекциялық экрандары еліміздің қайғылы да қатаң кезеңдердегі парақшаларын көрсетеді. Соғыстан кейінгі уақыт сол бір 50-60 жылдарды көз алдымызға елестететін тағам және жеңіл өнеркәсіп, тұрмыстық кешенді және жеке заттар арқылы берілген.

Кәсіби өнердің дамуы К. Бәйсейітова, Р. Бағланова, Б. Төлегенова секілді біртуар дарындардың есімімен тікелей байланысты. «Мәдениет пен өнердің дамуы» залында телерадиоаппаратураның, музыкалық аспаптардың бірегей үлгілері қойылған.

«Желтоқсан» залы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына арналған. Экспозицияда сол уақыттағы жағдайды айшықтайтын сирек кездесетін экспонаттар, архивтік құжаттар, фото және бейне материалдар орын алған.

«Елбасы және Алматы» залы Тәуелсіздіктің алтын бесігі – Алматымен танысуға бірегей мүмкіндік береді. Мұнда тарихи материалдарды тартымды түрде ұсыну арқылы еліміздің қаржылық, экономикалық, мәдени және туристік орталығына айналған заманауи қазақстандық мегаполис туралы жан-жақты әрі терең білім алуға мүмкіндік берілген.

«Келісім мен бейбітшілік» залы Қазақстан халқы Ассамблеясына арналған. Сондай-ақ келушілер «Альпинизм» залында альпинизм тарихымен таныса алады. Музей экспозициясы қала тарихының барлық кезеңдері бойынша ақпараттық-иллюстрациялық материалдармен, мультимедиялық технологиялармен жабдықталған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға