Жаңалықтар

Aлматы маңында жолбарыс жортқанын білесіз бе?

Алматыда 160 жыл бұрын жолбарыс жортқан
Aлматы маңында жолбарыс жортқанын білесіз бе?
27.12.2016 11:25 14322

Қазіргі таңда жолбарыстар әлемде тек санаулы елдердің аума­ғында ғана сақталып қалғаны аян. Халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабына» енгі­зіліп, ерекше қорғауға алын­ғанына қарамастан, соңғы ширек ғасырда оның саны жыл өткен сайын кемімесе, өсетін түрі жоқ. Соң­ғы жүзжылдықта дүниежүзі бойынша жабайы жолбарыс саны 100 мыңнан 3-4 мыңға дейін кеміп кеткен көрінеді. Балий, Яван, Тұран (Каспий) жолбарыстары адам қолымен жер бетінен мүлде жойылған.

Өзге елдер сияқты, қазақ­стандықтар да жолбарысты қазір хайуанаттар бағы мен цирк қойы­лымдарынан ғана тамашалап жүр. Мәселен, Алматыдағы хайуанаттар бағында қазір 1 жұп жолбарыс пен оның 3 күшігі өмір сүріп жатыр.

Ел аузындағы аңыз-әңгімелер мен тарихи жазбаларда мысық тұқымдасына жататын бұл ірі жыртқыш аңның қазақ жерінде негізінен қалың қамыс пен тоғай­ларды мекен еткені айтылады. Ал Алматы қаласы аумағында осыдан 160 жыл бұрын жолбарыс жортқанын бүгінде көп адам біле бермейді.

Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдері аумағында орналасқан Тянь-Шань тауындағы жыртқыш аңдардың тізімінен бүгінде жолбарысты кездестіре алмайсыз. Петр Петрович Семенов-Тян-Шанский өз естелігінде 1856 жылы 3 қыркүйекте Есік көліне барар жолда қайғылы аяқталған жолбарыс аулау оқиғасы туралы айтады. Кейін өзіне сыйға тартылған бұл жолбарыстың терісін ол Петербургқа алып қайтқан.

Кейбір дерек көздеріне қара­ғанда, Қазақстан 2019 жылы генетикалық жағынан ұқсас Амур жолбарысы негізінде Тұран жолбарысын қайта жаңғырту үшін ұлттық парк құруды жоспарлап отыр. Тянь-Шаньның баурайындағы әсем Алматы маңынан енді ешкім жолбарыс көрмейтін шығар. Бірақ, өз тарихын мыңжылдыққа жеткізіп жатқан жасыл желекті шаһар басшылығы әйгілі ғалымның ұрпақтарының қолында сақтаулы тұрған Тұран жолбарысының терісін Алматыға қайтарып жатса, қанеки. Бұл тек алматылықтарға емес, өзге де қала қонақтары үшін де үлкей сый болары күмәнсіз. Тіпті, бұл туристердің де зор қызығушылығын тудырары күмәнсіз.

Әлемнің түкпір-түкпірінде қыркүйек айында атап өтілетін Халықаралық амур жолбарысы күні қарсаңында 2016 жылы Алматы хайуанаттар бағы 29 шілдеде алғаш рет Жолбарыстар күнін өткізді. Мұндай шаралар алдағы уақытта дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға