Жаңалықтар

Алмас Тоқабев: Блогиада тапсырмаларын орындау қиынға соқты

...Ең алғашқы блогым осы el.kz сайтында болған.
25.04.2014 10:31 5374

Алмас Тоқабев: Блогиада тапсырмаларын орындау қиынға соқты

Қазнетте Блогиада атты бірегей жоба басталғалы біршама уақыт. Наурызда, Қарағандыда өткен блогқұрылтай кезінде қанат қаққан жобаға қазақша жазатын 35 блогер іріктеліп алынған еді. Олимпиялық жарыс стилі бойынша өтетін турлардың бірінші кезеңі аяқталмай жатып-ақ, сайысты үш (!) блогер тастап кетті. Өткен аптада Клара Ермағамбетова сайысты жалғастырудан бас тартып, тіпті түсінік те бермеген болатын. Бүгін екі бірдей қатысушы өздерінің МИЛЛИОН теңге жолындағы жорықтарын аяқтады. Бұның бірі Алмас Тоқабаев болса, екіншісі Қисық - Дінмұхаммед Зиядин. Төменде Алмас Тоқабаевпен болған сұхбатты назарларыңызға береміз. 

El.kz

Ескерту: El.kz әлеуметтік желісі Блогиада сайысына қызығушылық білдіреді, ақпараттық қолдау жасайды. Осы мақсатта бүгіннен бастап сайтта арнайы "Блогиада күнделігі" айдары жұмыс жасай бастайтын болады.

Алмас, жобадан кететініңізді әлеуметтік желіден білдік. Басты себептерін жаздыңыз, енді жанама себептеріне тоқталсаңыз. Уақыт пен қорыңыздан басқа не жетпей қалды Сізге?
Басты да жанама себеп: уақыт тапшылығы және шығармашылық еркіндік. Уақыт та табуға болар ма еді бәлкім, негізі себеп шабытта ау осы. Жазба қалдырған үш апта өзімнің қажеттілігімді түсіндім. Мен орындаушы емес екенмін. Негізгі қызметім шығармашылық болғандықтан 15 жылдық ресми еңбек өтілімде ойлап табушы (создатель) болып келген екенмін. Сондықтан тапсырма орындау қиынға соқты. Ал берілген тапсырма үшін өзіңді зорлаудан мазохизм иісі шыға бастаған соң бас тарту туралы шешім өзі келді.
Алмас Тоқабев: Блогиада тапсырмаларын орындау қиынға соқты
Блогиададан бұрын қай жерде блог жүргіздіңіз? Алмас Көзілдірік Жайдарманшы ретінде көбірек танымал еді?!
2004 жылы бұл форум-чат болатын. Кейіннен zonakz.net сайтының телевизия қызметкерлерінің қауымдастығында, одан кейін kerekinfo.kz жамағатында, блогтұғырнама ретінде ашылған jaidarman.kz сайтында жеке блогтарым бар. Жүргізетін блогтарым мамандандырылған ортаға арналғандықтан және Жайдарман танымал ойын болғандықтан есімімнің Жайдарманмен байланысты көбірек шығатыны түсінікті шығар))
Жалпы, жобадан шусыз кетудің де ерлік екенін ұғатын сәтіміз алда деп ойлаймын. Сізден бұрын Клара Ермағамбектова кеткенде қандай сезімде болдыңыз?
Шынын айтқанда Блогиадаға қатысушылардың жазбаларын қарауға, қайсы немен айналысып жатқанын қарап отыруға уақытым тым тапшы. Сондықтан Клара келгенін де, кеткенін байқамаппын. Шусыз кетуді түсіну алда дегенді түсінбедім? Әлде осы сұқбат арқылы бір шу шығарғалы отырсыздар ма? Ресми мәлімдеме ғана жасап, тыныш шаруаммен айналыссам деген ғана ойым бар.
Алмас Тоқабев: Блогиада тапсырмаларын орындау қиынға соқты
Бұл аяқ асты қабылданған шешім емес қой бәрібір
Аяқ асты емес. Соңғы бір апта ойланып келген шешім. Барлығын сарапқа салдым. Себептерін білесіздер.
Енді не істейсіз? Не істеп жүрсіз?
Не істеймін? Шығармашылықпен айналысамын, айналысып жүрмін. Қазір жеке топ құрып, болашақта үлкен жобаларды жүзеге асырсақ па деп жатырмыз. Бұйыртса алдағы уақытта көпшілік назарына ұсынамыз, бағасын бере жатарсыздар. Алда мақсат көп, сондықтан алаңдамай, шаршамай жұмыс істеу керек.
Блогиаданың миллионын қайда жаратам деп жүр едіңіз)))
Миллион алсам... Білмеймін, ойланған жоқпын. Егер ұтып алсам бала шағамды балмұздаққа бір тойдыратын едім)))
Сау болыңыз, сұхбатыңызға рахмет!

UPD: Сайтқа материал жарияламас бұрын Блогиада ұйымдастырушыларын да сөзге тартқанбыз. Олардың жауабы енді келді. Ұйымдастырушы Аршат Оразов әзірге бір ғана қатысушыдан, яғни Дінмұхаммед Зиядиннен ғана "өзін сайыстан шығару туралы өтініш келгенін" растады. Ал, Алмас Тоқабаев туралы ресми ақпарат таратудан Аршат бас тартты. Оның сөзін қаз-қалпында ұсынамыз: 

Алмас Тоқабев: Блогиада тапсырмаларын орындау қиынға соқты

Аршат Оразов - ұйымдастырушы

Блогиада ережесі бойынша жарыстан өз еркімен шыққысы келген қатысушы жарыстың ресми поштасына өтініш жіберуі керек. 3 турға бірден қатыспаған блогер автоматты түрде шығарылады. Бүгінге дейін тек Дінмұхамед Зиядиннен өтініш түсті. Оның өтініші қанағаттандырылды.

Ел Тұтқа
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға