Жаңалықтар

Алмагүл Әлішева: «Елбасының анасын сомдаған актриса ретінде енді тек жақсы рөлдерге ғана түсемін!»

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы түсірілген «Балалық шағымның аспаны» атты фильмде Елбасының анасы Әлжанның рөлін сомдаған актриса Алмагүл Әлішева «1 желтоқсан – Қазақстанның Тұңғыш Президенті» қарсаңында кішігірім сұхбат құрдық.
28.11.2014 14:04 9480

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы түсірілген «Балалық шағымның аспаны» атты фильмде Елбасының анасы Әлжанның рөлін сомдаған актриса Алмагүл Әлішевамен «1 желтоқсан – Қазақстанның Тұңғыш Президенті» қарсаңында кішігірім сұхбат құрдық.

Алмагүл Әлішева: «Елбасының анасын сомдаған актриса ретінде енді тек жақсы рөлдерге ғана түсемін!»

– Дәстүрлі сұрақ. Сіз бұл фильмге қалай келдіңіз?

– Әрине, кастинг арқылы. Бұған дейін «Қазақфильмдегі» кастингтерге қатысып жүрдім. Суреттерім, мен  туралы ақпараттар сонда бар болатын. Бір күні ассистенттер хабарласып, келуімді сұрады. Содан бағым жанды десем болады. Іріктеу өте қиын болды. Бұрындары телевизиялық жобаларға және музыкалық бейнеклиптерге түскенмін. Бірақ, кинодағы алғашқы кейіпкерім осы Әлжан апамыздың рөлі болды. Оған тек қана қуанамын.

– Сол сәттегі сезіміңіз?

– Қуанғанымды ғана білемін. Кастинг 2009 жылы болды, біршама жыл уақыт өтті. Дәл қазір ол сезімдерді, эмоцияларды айтып жеткізе алмаймын. Бірінші анама қоңырау шалып, қуанышыммен бөлістім. Себебі, менен гөрі анам қатты қобалжып, уайымдады.  Қуанғаннан кейін үлкен жауапкершілікті сезіндім. Қазақ әйелінің сол кездегі бейнесін беруге тырыстым. Ол үлкен образ. Шынайылықты талап етеді. «Сол кездегі әйел, ана қандай болған?»  деп сенің образың арқылы қарайтындар бар.  Және ол Елбасы туралы алғашқы фильм. Бәріміз жұмыла кірістік. Күніне 10 немесе 12 сағат жұмыс істейміз деген шектеу болған жоқ. Күнге қойылған жоспарды аяқтамайынша, түсірілім алаңынан кетпейтінбіз.  Қатты қуанғаным сол – жақсы фильмде жақсы образды сомдауым. Алғашқы рөлім осындай рөлмен басталғанына шүкір деймін. Нұржұман Ықтымбаев, Бибігүл Төлегенова, Наталья Орынбасарова, Ержан Жарылқасынов секілді мүйізі қарағайдай актерлермен, актрисалармен жұмыс істегеніме қуандым. Сол кісілердің ақыл-кеңесін тыңдадым. Режиссер Рүстем Әбдірашевпен жұмыс істеудің өзі де бір ғанибет!

Алмагүл Әлішева: «Елбасының анасын сомдаған актриса ретінде енді тек жақсы рөлдерге ғана түсемін!»

– Ол кезде қанша жастасыз? Жас қыз салиқалы әйел бейнесін қалай алып шықты дегенім ғой.

– Ол кезде 25-темін. Мен өмірде өте жас көрінемін. Ол кезде тіпті жаспын. Маған ана образы тапсырылды. Бойшаң, денелі емеспін. «Бұл қыз тіпті жас, бірдеңе істеңіздер!» , – деп режиссердің өзі жүгіріп жүрді. Гримшілердің арқасында «үлкейдім». Оларға мың алғыс! Өзіңе байқалмайды ғой, кейін премьерада көп адам кіп-кішкентай екенсің ғой деп таңданыстарын жасыра алмай жатты. Тұрмыс құрмағанмын, әлі ана бақытын сезінбегенмін. Сосын ол бейнені алып шығу екі есе қиын болды. Енемнің рөлін сомдаған Бибігүл Төлегенова апайымызға мың рахмет, бар білгенін айтып отырды. «Алма, ол кезде әйелдер осындай болған, былай жүрген, былай істеген» деп кеңесін беруден жалықпады. Өзім де іштей дайындалдым. Тарихи кітаптардан, тарихи кинолардан қазақ әйелінің бейнелері жайында қарадым.  Қазақ әйелі ешқашан қабақ шытып, мінез көрсетпеген. Кей қасиеттер біздің де бойымызда да бар. Соны көрсетуге тырыстым. Әрдайым ізденісте жүрдім. «Мен былай істейін бе? Осылай істесем қалай?» деп барлығынан сұрап жүретінмін. Ұялмайтынмын. Әлі де үйренерім көп. Әлі де сұрай беруге дайынмын. Түсірілім кезінде ұрыс естідім, сөз естідім деп айта алмаймын. Көп дегенде мені 3-4 дубльмен түсіретін. Мақтанғаным емес, режиссердің жұмысын күрделендірмедім.

– Кейіпкер жайында не білдіңіз? Өзіңізден ұқсастық таптыңыз ба?

– Елбасы жайлы кітаптарды түгел оқыдым. Өте ақкөңіл, ән айтатын, биге әуес, талантты жан болған екен. Ашық-жарқын, үнемі күліп жүретін, қалжыңды жақсы көретін адам болыпты. Бибігүл Төлегенова апайымыз замандас болған ғой, сол кісілермен, режиссермен ақылдасып отырдым. Секіріп билемесем де, ақкөңіл, нәзік Әлжанның образын сомдап шығуға тырыстым. Музейге бардық, суреттерін қарадым. Менің ойымша, қазақ қыздары бір-біріне ұқсайтын сияқты. Тура аумай қалғанмын демеймін, бетіміздің домалақтығы, қас пен көздеріміз ұқсайтын сияқты.

– Бұл фильм сізге не берді?

– Үлкен тәжірибе жинадым. Фильмнің арқасында Елбасымен таныстым. Және 2011 жылы «Құлагер» фестивалінде «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясын иелендім. Шығармашылық адамы болғаннан кейін әр адам осындай рөлді сомдасам деп армандайды ғой, сол арманымның бірі орындалды. Қайталап айтамын, менің алғашқы қадамым осындай рөлмен басталғанына қуаныштымын. Тағдырыма ризамын. Киноға келген адам екінші рет бас тарта алмайды дейді ғой, сол тұрғыда да бақыттымын.  Түсірілім алаңында шаршадым деп айтқан емеспін. Кішкентай Елжас ол кезде кіп-кішкентай болатын. Сүп-сүйкімді балақай сақау тілімен былдырлап біреңе айтқанда бәріміз күлетінбіз. Ол Елжаспен түсірілім кезінде бірге болдым, анасы үшеуміз бір бөлмеде тұрдық. Сондай күндер өткеніне тек қана қуанамын.

– Қызықты оқиғалар болған болар?

– Қызық әрі қиын сәттер болы (күлді). Перзентханадағы жағдайда қолымдағы 1,5-2 айлық баланы дұрыстап ұстай алмадым-ау. Ана емеспін. Өзім 17 жасымнан Алматыда жүрмін. Туған-туыс, дос-жаранның баласын еңбектеп, не жүріп жүргенде көретінмін. 1-2 айлық баланы өмірімде ұстап көрген емеспін.  Бала жылайды, мен одан сайын дір-дір етемін. Жағымдағылар «Алма, былай ұста. Ана сияқты бол!» деп ақылын айтып жатыр. Анасы дәл жанымда қарап тұр. Жалпы түгел түсірілім тобы маған қарап тұр. Кейін үйреніп кеттім әзер дегенде. Сосын Каспий теңізіне түсірілімге бардық. Шатаспасам, қыркүйектің аяғы, қазан айының басы. Су суып кеткен. Бірінші күні репетиция болды. Суға кіргенде денеме бірдемелер қадалғандай болды. Үстімде жұп-жұқа көйлек. Сонда дұрыс дем жұтпай суға тұншығып қала жаздағаным бар. Қасымдағылар көмекке келді. Келесі күні, Алланың көмектескені болар, түсірілімге келсек, су жып-жылы. Сөйтіп соңында бүкіл түсірілім тобы шомылып кеттік. 

– Енді қандай рөлдерді сомдағыңыз келеді?

– Ол фильмнен кейін «Алдар көседе» Алдардың әйелінің образын сомдадым. Ол жерде де қазақ әйелінің бейнесі.  Кастингтерге шақырып тұрады, бірақ көп бара қоймаймын. Себебі, үлкен аға-апаларымыздың айтқан ақыл-кеңестері құлағымда. Ел-жұрт маған Елбасының анасын сомдаған қыз деп қарайды. Сондықтан, деңгейі «Балалық шағымның аспаны» фильмінен төмен түсірілімге барудың қажеті жоқ. Негізі кез келген шешімді өзім қабылдаймын, бірақ өзіме берілген ақыл-кеңесті тыңдауым да қажет, жанашырлық деп түсінемін. Бір жағынан экраннан бетім жылтыраса болды деп ойлайтын адам емеспін. Әр жерден жылт-жылт көріне бергенді де қаламаймын. 5-10 жылда бір рет түссем де, қазақ киносының тарихында қалатындай, болашақта қараған кезде ұялмайтындай болу керекпін. Өзімді керемет актрисамын деп отырғаным жоқ, жеке пікірім. Фильмдердің көп болғаны жақсы, бірақ сапасы да ақсаңдамаса деген тілек бар. 

– Мамандығыңыз актерлік емес екен?

– Иә, негізгі мамандығым – кинотанушы. 2002-2006 жылдары Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында кинотанушы мамандығында оқығанмын. Ұстазым – Бауыржан Нөгербек. Ол кісіге ризамын, өмір бойы құрмет тұтамын. Үйренгенім көп. Қатты ұрыспаса да, тапсырмаларды күліп отырып сұрап алатын. Талғамы тым жоғары. Бізге де киноға талғаммен қарауды үйретті. Фильм жарыққа шыққаннан кейін маған қоңырау шалып құттықтады. Басында қорыққанмын. Бірақ, рөлім ұнапты. «Сенен көп үміт күткен едім. Сол үмітімнің бір бөлігі ақталды» деп бір ауыз лебізін білдірді. Сол кісіден дәріс алғаныма қуанамын. Ол кісі ағалық, әкелік қамқорлығын аяған емес. Қазір Астанада қызметте, сағынамын. Мектепте жүргенде барлық іс-шараларға қатысып, белсенді оқушы болдым. Тележүргізуші болуды армандадым. Оқуды бітірген кезде туған жездеміз қайтыс боп, ата-анам сол жақта жүрді де маған көңіл бөлетіндей болған жоқ. Білетінім, Алматыдағы өнер академиясы. Келсем, талапкерлер толып жүр. Кешігіп келгенімді түсіндім. Бүгін келіп тұрмын, ертесі емтихан. Менде ешқандай дайындық жоқ. Дайындалып үлгермеймін де. Сұрағандарын айтып бере саламын деп келгенмін ғой. Ал мында талапкерлер қара сөздер оқып, көріністерін, өнерлерін көрсетіп бір ай бойы осында жүр екен. Сөйтіп кездейсоқ Бауыржан Нөгербек ағаймен таныстым. «Ағай, сіздің курсыңызға тапсырсам, телеарнада жұмыс істей аламын ба?» деп сұрадым. «Алдымен тапсыр» деді. «Тапсыруын тапсырамын ғой, нақтысын айтыңызшы», – деймін мен де. Сол қылығым, сол еркелігім ұнады ма екен, білмеймін. Ол кісімен бес минут ішінде тез тіл табысып, өзіме жақын болған соң, курсына тапсырдым. Осы күнге дейін еш өкінген емеспін. Қазір сол кез қайта оралып, екі ай бұрын кел, актерлікке тапсыр десе де, екі күн бұрын келіп, қайтадан Бауыржан Нөгербектің курсына тапсырар едім.

– Әңгімеңізге рахмет!


Сұхбаттасқан – Элеонора Әмір.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға