Жаңалықтар

Алкоголь мен темекіге тәуелділіктен қалай арылуға болады?

Алкоголь мен темекіге тәуелділіктен қалай арылуға болады?
Фото: © Unplash 03.10.2024 17:49 84

Адамда жаман әдетке тәуелділіктің түрі көп. Біз соның, ары кетсе, бес-алтауын ғана білеміз. El.kz бүгін сол біз білетіндердің ішіндегі маскүнемдік пен шылымқұмарлыққа қатысты мәселеге тоқталмақ.

Маскүнемдік – өте қиын дерт. Оны жұрт біз айтпасақ та біледі. Бұл бәле талай жанды түзу жолдан тайдырады. Жап-жақсы жұмысынан, тіпті отбасынан айырады. Маскүнемнен туыстары да теріс айналуға мәжбүр болады. Өйткені оның араққа салынғаны, соған құл болғаны соншалық, ақыр-аяғында ешкімді тыңдамай, бұрынғы жүрісінен жаңылып, баз кешіп кетеді ғой. Сөйте тұра, «емдел» десе, «мен маскүнем емеспін» деп шығатынын қайтерсіз?!

Ал енді адам мұндай жолға қалай түседі? Психотерапевт Тимур Мұстафаевтың ойынша, ең алдымен бұл күйзелістен болады.  

Күйзеліске түсуге түрлі жағымсыз жағдайлар әсер ететіні белгілі. Мысалы, адамға әлеуметтік жағдайдың нашарлығы, отбасындағы берекесіздік, тіпті жалпы елдегі нашар ахуал да кері ықпал етеді. Орыстың «жақсы өмірден ішпейді» деген сөзі бар ғой. Сосын, маскүнемдік тұқым қуалауы да мүмкін.  Яғни әкесі, атасы ішсе, баласына «даруы» қиын емес, – дейді ол.    

Бірақ қиын өмірді, жолы болмауды сылтауратып арақ іше берген дұрыс әдет емес. Өйткені ішкеннен бір нәрсе түзеліп кетпейді ғой. Қайта одан сайын  жаман болады. Мұны да әркім біледі, әрине. Бірақ біле тұрып ішеді. Сөйтіп жүріп, қалай салынып кеткенін білмей қалады. Ешкім де маскүнем болуды мақсат тұтпайды ғой. Мәселе сол білмей қалатынында болып тұрған сияқты.    

Жәйлап қана ішетін адамдар бар. Екі саптыаяқ сыра немесе екі бокал шарап, сонымен бітті. Оларда тәуелділік деген жоқ. Тіпті күн сайын ішсе де, тәуелділік болмайды. Ал, керісінше, жарты жылда, үш айда бір рет ішетіндер маскүнемге айналуы мүмкін. Өйткені олар бір жұтымнан кейін тоқтай алмай қалады. Оның мүлдем арақты ауызға алуына болмайды. Ал аздап ішуге бізді о баста ешкім үйретпеген, – дейді психотерапевт.

Мұстафаевтың пайымынша, адамды кішкентайынан дұрыстап тәрбиелесе, алкогольге тәуелділіктің жаппай алдын алуға болады. Осыған мемлекет жақсылап көңіл бөлуі керек. Біздің елде сол жағы жеткіліксіздеу болып тұр. Ал дамыған елдерде бұл мәселе дұрыс жолға қойылған. Маман осы жағына көңіл бөлудің аса маңызды екеніне тоқталды.   

Мемлекет сол үшін мемлекет қой. Ең алдымен тиісті заңдарды шығару керек. Жалаң энтузиазммен ұзаққа бармаймыз. Қажетті шараларды мықтап қолға алған абзал. Оны мектептен бастаған жөн. Өткенде біреу ғаламторда адамның мектепте алған білімінің 80-90 пайызы өмірде қажет болмайтынын айтып отыр. Оныкі рас. Жаман әдетке тәуелділіктің алдын алу сияқты адамға керек нәрселерді білім ошағында оқытқан жөн, – дейді маман.

Шамаға қарап ішу, шамаңды білмесең, мүлдем ішпеу деген, негізі, белгілі нәрселер ғой. Одан кейін алдын алу шаралары болуы керектігін де айттық. Ал болары болып, бояуы сіңіп, жиі «әләулайға» басып жүрсеңіз, маскүнемдікке бой алдырсаңыз, одан арылу үшін не істеген жөн? Енді соған келейік.

Тимур Мұстафаевтың айтуынша, мұндай дертке шалдыққандарды тек кешенді түрде ғана емдеуге болады. Яғни алкогольге тәуелділіктен арылудың көптеген әдіс-тәсілдері бар. Олардың өте кең тараған әрі тиімді екі түрі мыналар: кодтау және емдеу.

Кодтаудың да түрлері бар. Біріншісі – медикаментоздық. Онда арнайы дәрі-дәрмектер қолданылады. Олардың инемен салатын және ішетін түрлері кездеседі. Мұндай препаратты қолданған адамның ағзасы спирттік ішімдіктерді қабылдамай қояды. Бірақ ондай дәрілерді кез келген жерден ала беруге болмайды. Қазір бұл салада да алаяқтар көбейіп кеткен. Сондықтан оларды алар кезде арнайы мамандардың кеңесіне жүгінген жөн.

Кодтаудың тағы бір түрі – гипноз. Бұл – пациенттің түпсанасына әсер етуге негізделген әдіс. Бұл жерде гипнотерапевт жаман әдетке тәуелді адамды өзіне алкогольдің жақпайтынына сендіріп, оның спирттік ішімдіктерге деген көзқарасын өзгертуге көмектеседі.

Психологияға негізделген әдістер де бар. Бұлар арқылы да пациенттің миына әсер етіп, алкогольмен «арасын суытуға» болады. 

Кәдімгі медициналық жолмен емдеу де бірнеше тәсілден тұрады. Медикаментоздық әдіс пен психотерапия мұнда да бар. Бұларға биоынталандыруды (биостимуляция) қосыңыз. Соңынан оңалту процесі жүргізіледі.   

Медикаментоздық емдеуде арнайы дәрі-дәрмектер қолданылатыны белгілі. Олар адамды алкогольдік өнімдерден жирендіреді. Яғни арақ-шараптың бетіне қарай алмайтындай жағдайға жеткізеді. Тек, жоғарыда айтқанымыздай, дәріні өз бетінше қолданбай, маманның кеңесіне жүгінген жөн.

Биоынталандыру – дәрігер ұсынған арнайы физикалық процедуралар мен техникаларды қолданатын тәсіл. Бұл пациенттің ағзадағы зат алмасу процесін қалпына келтіріп, дене тұрқының жалпы жағдайын жақсартуға арналған. Биоынталандырудың түрлі процедуралары бар. Олар – физиотерапия, массаж, фитотерапия және маман ұсынған басқа да амалдар.

Ал психотерапия маскүнемдіктен кешенді түрде емдеудің маңызды бөлігі болып саналады. Бұл жерде адам алкогольге тәуелділіктің себебін біле алады. Осы тәсіл спиртттік ішімдікке деген құмарлықты жеңуге көмектеседі.

Пациент емделгеннен кейін әрі қарай да жақсы жағдайда жүруі үшін міндетті түрде оңалтудан өтуі керек. Сол арқылы адам қалыпты өмірге оралып, жұртпен арақ-шарапсыз араласа алады. Бұл жерде психологтың кеңесі, басқа да мамандардың қолдауы аса қажет.      

Жоғарыда айтылған қай тәсілмен емделсе де, адам одан кейін оңалту процесінен өтпесе бәрі бекер. Бұл – өте қажет нәрсе. Сондай-ақ басқа бір ермек іс табу керек. Шағармашылықпен, дене шынықтырумен шұғылданып, өзге де шараларды қолға алмасаңыз, бір күні баяғы таз қалпыңызға қайта ораласыз. Өйткені адамды күйзеліске әкеп тірейтін жағдайлар бүгінгі қоғамда өте көп, – дейді Тимур Мұстафаев.

Қазір кең тараған Довженко тәсілі бойынша кодтау деген бар. Бұл алкогольге тәуелділіктен емдеудің дәстүрлі әдісі саналады. Онда арнайы психотерапияға, гипнозға және нейролингвистикалық бағдарламалауға негізделген амалдар қолданылады. Оның тиімділігі жоғары. Пациенттің мүлдем ішпей кетуіне мол мүмкіндік береді.   

Жалпы, маскүнемдіктен емдеудің тиімділігі дәлелденген неше түрлі әдіс-тәсілдері бар. Мұстафаевтың айтуынша, оған шалдыққан адамның маманның көмегіне дер кезінде жүгінгені абзал. 

Тәуіпке, емшіге бара бермей, маманға келуі керек. Көбі кеш келеді. Ұялады. Өздерін аурумын деп санамайды. «Мен ауру емеспін, маскүнем емеспін» деген адамның азғындық жолына біржола түскені анық. Ол өз дертін мойындамай жүре берсе, бір күні аурудың соңғы сатысына жетеді. Мұндай жағдайда оған ем қонуы қиын, – дейді ол.

Психотерапевт адамның бұл дерттен құлан таза айығып кетуі мамандармен қоса пациенттің жақындарына, туыстарына, достарына да байланысты екенін алға тартып отыр. Яғни бұл жерде олардың үлкен қолдауы қажет.  

Отбасында ұрыс болмауы керек. Қарым-қатынас жақсы болуы қажет. Мен үлкен отбасыларды білемін. Үйдегі ахуалы жақсы емес. Сосын олар арақ ішеді, құмар ойын ойнайды. Есірткіге байланады. Аттарын айтпай-ақ қояйын. Айтудың қажеті де жоқ. Олар өте танымал әртістер. Бірақ оларда жаман әдетке тәуелділік бар. Ал отбасындағы жағдай көбіне әйелге байланысты екенін айтуымыз керек. Ұрыс-керіспен ештеңе шешілмейді. Тек оның зардабы көп болады. Қазақ «Бір күн ұрыс болған үйден қырық күн береке кетеді» деп бекер айтпаған, – дейді Мұстафаев.

Негізі, кез келген ауруды емдегеннен гөрі алдын алған оңай. Ал шылымқұмарлық та – маскүнемдік сияқты дерттің бірі. Психиатр, нарколог Бақытжан Нұралиев бұл екеуінің де зиян екенін адам санасына бала кезден сіңіре беру керектігін айтады.

Балаға темекінің жәй ермек немесе адаммен араласудың тәсілі емес, зиянды әдет екенін кішкентай кезінен түсіндіру керек. Соңғы жылдары елімізде тегін спорт секцияларының, шығармашылық студиялары мен түрлі үйірмелердің ашылып жатқаны мені қуантады. Бос уақытты тиімді өткізу, бір нәрсеге әуестену, хобби мен спорт баланың денсаулыққа зияны жоқ әрекеттерге ұмтылуына ықпал етеді. Бірақ бәрі оңай бола қоймайды. Бізде үлкендер де, жасөспірімдер де, тіпті мектеп оқушылары да шылым шегеді. Оның үстіне бізде темекі тартуға қатысты түрлі әңгіме бар. Мысалы, шылымды қою қиын, тіпті мүмкін емес деп жатады, – дейді нарколог.

Бақытжан Нұралиевтің айтуынша, темекіні біржола тастауға ниет қылсаңыз, мұндай қасаң ойдан мүлдем арылу керек. Яғни күмәншіл адамдармен бұл тақырыпта әңгіме қозғамаған жөн. Солай деген нарколог никотинге тәуелділіктен арылудың тиімді жолдарын баяндап берді.  

— Денсаулыққа пайдалы, ақша мен уақытты үнемдейді деген сияқты шылымнан бас тартуға болатын себептердің тізімін міндетті түрде дайындап алыңыз. Бұл мәселенің қалтаға әсері туралы никотинге тәуелділердің бәрі білгенімен, шылымды сатып алуға, сосын шегуге кететін уақытты ешкім қаперіне ала бермейді. Қазір тіпті жұмыста жүргенде темекі тарту үшін алысырақтағы арнайы бөлмеге баруға немесе далаға шығуға тиіссіз. Одан кейін еңбекке деген ынта жоғалады. Кейде тіпті алдында ойлаған нәрсеңізді ұмытып қаласыз. Оның үстіне шылым шегу үшін түн ортасында оянып алатындар да жеткілікті.

Темекі тартуға қатысты дағдыларыңызды өзгертіңіз. Үйде және көлікте шылымға жоламаңыз. Оны серуенге алып шықпаңыз. Бір күн ішінде алғашқы тартатын темекіңізді барынша кейінге шегере беріңіз. Шылымды дағдыланбаған қолмен ұстаңыз. Оны ыңғайсыз жерлерге барып шегіңіз. Денсаулыққа қауіпті осы әдет не үшін керек деп әр жолы ойланып отыру үшін темекі қорабын резеңкемен буып қойыңыз. Тағы екі керемет әдіс бар: Бірінші – шылымның өзіңізге мүлдем ұнамайтын түрін алыңыз. Екінші – күшсалғышты, оттықты, темекі шегіп тұрған сұлулардың суреттерін, өзіңіздің де сондай фотоларыңызды, жалпы, никотинді еске салатын заттардың бәрін үйіңізден шығарып тастаңыз.  

— Темекіні тастауға ниеттеніп жүрген адамдардың көбі орта жолда жаман әдетін бастап кетеді. Одан кейін қайтадан талпынып көруге бола ма? 

— Әлбетте. Болмай қалды екен деп салыңыз суға кетпесін. Тастаймын деген шылымыңызды шегіп қою сонша сұмдық жағдай емес. Күш-жігерім жоқ деп өзіңізді кінәлаушы болмаңыз. Бәрі де қолыңыздан келеді. Осы жаман әдеттен арылуға ден қойғаныңызды достарыңыз бен туыстарыңыздың бәріне айтыңыз. Әрине, олар сіз үшін темекіні қойып кете алмас. Бірақ сізді қолдайды. Олардан өзіңіз тұрған жерде шылым шекпеуді, өзіңізге темекі ұсынбауды сұраңыз. Сосын қайтадан шегіп кетуіңіздің себебін електен өткізіп көріңіз. Ал кейін мұндайға жол бермеуге тырысыңыз. Егер достарыңыздың, туыстарыңыз бен әріптестеріңіздің бірі темекіні қойғысы келіп жүрсе, тіпті керемет болады. Біздің халық бір-бірімен бәсекелесуге, команда болып әрекет етуге бейім ғой. Осы жағынан келгенде, мүмкіндік молаяды.   

— Темекіні қоюдың қай кезеңі аса қиын болады?

— Қай істе де бастапқы кезең өте қиын ғой. Шылымды енді қойып жүрген адамда күйгелектік, шаршау, бас айналу, қарын ашу, ұйқысыздық жөтел, тамақтың құрғауы сияқты жағымсыз жайттар болады. Негізі, солай болғаны дұрыс. Өйткені бұл ағзаның зиянды заттардан арылып жатқанын білдіреді. Сосын бұлар аса ұзаққа созылмайды. Бірнеше күнге немесе үш-төрт аптаға ғана жетуі мүмкін. 12 сағаттан кейін иісті газ қалыпты мөлшерге түседі. Екі немесе 12 апта өткен соң қан айналымы дұрысталып, өкпенің жұмысы жақсарады. Бір жылда ишемиялық ауру қаупі екі есе төмендейді. 5 жылдан 15 жылға дейінгі аралықта инсульт қаупі шылым шекпейтін адамдыкіндей деңгейге түседі. Ал жағымсыз жөтел, мұрынның бітелуі, жүргенде немесе қимыл-әрекет жасағанда ентігу бір айдан кейін азаяды.     

— Бұрынғы шылымқұмарлар көбіне жаман әдетін қойғаннан кейін семіріп кеткенін айтып жатады. Бұған не дейсіз? 

— Жаман әдеттен тамақ жеп арылуға мүлдем болмайды. Тамақты көп іше бермеңіз. Оның бір мөлшерін бес-алты бөлікке бөліп жеңіз. Дұрыс тамақтануға көңіл бөліңіз. Газдалған тәтті сусын ішпеңіз. Майлы тамақ жемеңіз. Балғын жеміс пен көкөніс жеп, денеңізді көп қимылдатыңыз.   

— Биыл вейптерді сатуға, таратуға және жарнамалауға заң бойынша тыйым салынды. Бірақ электрондық темекіге үйренгендер оны тастай алмай жүрген сияқты. Өйткені олар әлде де вейптің кәдімгі шылымдыкіндей зияны жоқ деп санайды. Бұл дұрыс дұрыс емес қой? 

— Иә, дұрыс емес. Бұл жерде де тура сол тәуелділік. Темекіні тастағысы келетіндердің соңғы жылдары сондай сәнді вейперге айналғаны жөн болмады. Шылымның орнына насыбай қолданатындарға да айтарым сол. Ол тазалық талаптары сақталмай дайындалады. Әрі насыбайдың құрамында да денсаулыққа зиянды заттар бар. Өзім де никотинге тәуелділіктен құтылған адаммын. Сондықтан темекіні басқа шегетін немесе ататын заттармен алмастырмай-ақ қоюға болады деп айта аламын. Одан да өз-өзіңізді ынталандырып отырыңыз. Шылымнан бас тартқаныңыз үшін өзіңізге сый жасаңыз, табиғат аясына шығыңыз, жағымды жандармен әңгіме-дүкен құрыңыз.

Басқа біреу тартқан темекінің түтінін жұтудың да зияны барын ұмытпаңыз. Мұндай түтінде 400 химиялық зат бар. Олардың кем дегенде 250-і зиянды деп танылған, ал 50-і – канцерогендер. Темекінің түтіні ересектерді жаман ауруға шалдықтарса, емшектегі баланы тіпті өлтіруі мүмкін. Аяғы ауыр әйелдің шылым шегуіне мүлдем болмайды.         

— Ал егер бір күні бәрібір темекі шегуге аңсарыңыз ауып кетсе ше?

— Бір сәттік құмарлықтың жетегінде кетуге болмайды. Аузыңызға темекінің орнына мұз кәмпит салып алыңыз. Суды көбірек ішіңіз. Көзіңізді жұмып, он рет терең тыныс алыңыз. Айналаңыздағы шылым шекпейтін адамдарға қараңыз. Олар темекісіз-ақ рахат өмір сүріп жүр ғой. Шылым шегуді қоюыңызға себеп болған жағдайлар туралы жиі ойлаңыз. Алдыңызда аса қиын міндет тұр. Бірақ оны орындауға болады.

Ауруға ем қолданған жөн. Бірақ сол ем қонатын және қонбайтын адамдар болады. Бұл дәрігердің және жақындарының қолдауымен қатар науқастың өз күш-жігеріне де байланысты. Яғни ниет болуы керек. Сол ниет болмаса, жасалған әрекеттің бәрі бекер. Бұл кеңес, әсіресе, жаман әдеттерге тәуелділікке ұшыраған адамдарға арналған.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға