Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Ташкентке барды
Жұма, 5 мамырда, Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның 20-отырысы өтеді. Бұл туралы Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Онда мемлекетаралық байланыстардың кең ауқымды мәселелері, атап айтқанда өнеркәсіп кооперациясын тереңдету, ауыл шаруашылығы, транзиттік-көлік саласы және басқа да бағыттардағы өзара іс-қимыл перспективалары талқыланбақ.
Қазақстан мен Өзбекстан премьер-министрлері Әлихан Смайылов пен Абдулла Арипов тең төрағалық етеді.
Әлихан Смайыловтың Өзбекстан астанасына жұмыс сапары «Янги Узбекистон» саябағында орналасқан «Тәуелсіздік» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Онда бейбітшілік пен бостандықтың, ізгілік пен игіліктің белгісі ретінде қанатын жайған Хумо құсы бейнеленген, ал монумент тұғырында «Ел тарихында өшпес із қалдырған ата-бабаларымызға мәңгілік тағзым» деп жазылған.