Жаңалықтар

Әлихан Смайылов: Төтенше жағдайлардың алдын алуға баса көңіл бөлу керек

Әлихан Смайылов: Төтенше жағдайлардың алдын алуға баса көңіл бөлу керек
Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі 17.05.2023 02:30 688

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өрт қаупі бар кезеңге дайындық шаралары қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев республикада жыл сайын 1 мыңға жуық орман және дала өрті, сондай-ақ халыққа, мүлікке және табиғатқа қауіп төндіретін 4 мың өрт тіркелетінін баяндады. Бүгінде өңірлер алдын алу іс-шараларын іске асыруға кірісті: өртке қарсы қызмет мамандары шаруа қожалықтарын аралауды қайта бастады, нұсқамалар өткізіліп, ұлттық парктер мен табиғи қорықтар тексерілуде, өрт сөндіру құралдары түгенделіп, алдын алу шаралары түсіндірілуде.

Сонымен қатар әкімдіктер 590-нан астам өрт сөндіру бекетін құрды, олар 2 млн тұрғыны бар 2 мыңға жуық елді мекенді өрттен қорғайды, 4 мыңнан астам ерікті өртке қарсы құрылым жасақталды. Орталық деңгейде табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ-ны жоюға тартылатын әуе кемелері үшін жаңа су шашатын құрылғыларды сатып алу мәселесі пысықталып жатыр. Азаматтық қорғау саласындағы 2023-2027 жылдарға арналған бірінші кезектегі іс-шаралардың кешенді жоспарының жобасы аясында басқа да бірқатар шара көзделген.

Орман қорындағы табиғи өрттердің алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова айтып берді. Өңірлердің дайындығы туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев және Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ерлан Спанов баяндама жасады.

Премьер-Министрдің айтуынша, Қазгидрометтің болжамы бойынша жаз мезгілі жылдағыдан ыстық әрі құрғақ болады деп күтілуде. Әсіресе, еліміздің батысы мен шығысында және оңтүстігінде өрт қаупі күшеюі мүмкін. 

Сондықтан төтенше жағдайлардың алдын алуға баса көңіл бөлу керек. Қазірдің өзінде кейбір өңірлерде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Өткен аптада Қазақстанның солтүстігінде және Ресейдің шекаралас аймақтарында болған өрттің түтіні елордаға дейін жетті. Ал табиғи өрттерге қарсы дайындық шаралары талапқа сай болмай тұр, — деді Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысының айтуынша, бұл қайғылы жағдайларға себеп болады. Мәселен, өткен аптада ғана Іле-Алатау ұлттық паркінде болған өртті сөндіру кезінде сержант Арслан Құрманбеков қаза тапты.

Үкіметтің және жеке өз атымнан марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Төтенше жағдайлар министрлігі мен Алматы қаласының әкімдігі қайтыс болған сержанттың отбасына көмек көрсетуі қажет, — деді Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысы күн жылына бастағаннан бері елімізде 120-дан астам табиғи өрт оқиғасы тіркелгенін айтты. Олар көп жағдайда адамдардың кінәсінен орын алды. Тіпті елді мекендерге іргелес аумақтар мен алқаптардан басталған өрт тұрғын үйлерге ауысып, адамдардың өміріне қауіп төндіруде. Биыл осындай 14 жағдай тіркелді.

Бұл – бірінші кезекте, өрт қауіпсіздігіне жауапты уәкілетті органдар мен жедел әрекет етуі тиіс төтенше жағдай қызметтері мен әкімдіктердің жұмысындағы кемшілік. Сондықтан өрттен қорғайтын белдеулерді жырту, іргелес аумақтарды қураған шөптерден тазарту сияқты жұмыстарды тез арада жүргізу керек, — деді Премьер-Министр. 

Үкімет басшысы табиғи өрттерді ерте анықтау жүйелерін белсенді түрде енгізу қажеттігін айтты. Мәселен, «Бурабай» ұлттық табиғи паркінің аумағында енгізілген смарт-жүйенің арқасында былтыр өрт оқиғасы айтарлықтай азайды. 

Мұндай тәжірибені басқа да табиғи парктер мен қорықтарда пайдалану керек, — деді Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысы тағы бір маңызды мәселеге назар аударды: Қостанай облысында өткен жылы болған өрт тәжірибесі көрсеткендей, тілсіз жауды тез арада сөндіру үшін Экология мен табиғи ресурстар және Төтенше жағдайлар министрліктері орман алқаптарының маңында су көздері мен өрт тоғандарын дайындауы тиіс. Олар өрт сөндіру техникаларына ғана емес, сонымен бірге тікұшақтардың да су алуы үшін қажет.

Жалпы Төтенше жағдайлар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Еліміздегі орман және дала өрттерінің алдын алу мен жою жөніндегі арнайы ведомствоаралық жоспардың іске асырылуын күнделікті бақылауға алуы тиіс, — деді Премьер-Министр. 

Соз соңында Үкімет басшысы елді мекендерде өрт сөндіру бекеттері мен ерікті өртке қарсы құрылымдарды ұйымдастыру жұмысын жалғастыру, өрт қаупі жоғары жерлерде қосымша бақылау бекеттерін қойып, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау мәселесі бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту керектігін айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға