Жаңалықтар

Әлихан Смайылов Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасына сөгіс жариялады

Әлихан Смайылов Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасына сөгіс жариялады
Фото: https://primeminister.kz/ru 15.05.2023 09:15 928

Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штаб отырысында Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дарбаевқа сөгіс жариялап, ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровқа ескерту жасады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Үкімет басшысы коммуналдық кәсіпорындар тарифті түзету және жаңғырту процесін бастау үшін қажетті құжаттама баяу жүріп жатқанын атап өтті.

Бұл процесті созбалаңға салуға болмайды. Желілер мен станцияларды күрделі жөндеу жұмыстарын жедел бастау маңызды. Бұл – кезек күттірмейтін міндет. Әсіресе, бұл – құрылыс маусымы қысқа және жылу беру кезеңі ерте басталатын солтүстік өңірлер үшін өзекті мәселе, – деді премьер-министр.

Үкімет басшысы қалыптасқан жағдайды Ұлттық экономика министрлігі тарапынан кеткен олқылық деп атап өтті. Осыған байланысты Әлихан Смайылов ведомство басшысы Әлібек Қуантыровқа ескерту жасап, үйлестіру жұмыстарының төмен деңгейде жүргізілгені үшін Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дарбаевқа сөгіс жариялады.

Коммуналдық қызметтердің сапасына қатысты Президенттің және халықтың тарапынан орынды сын естіп келеміз. Алдымыздағы жылыту маусымында өткен қыста орын алған төтенше жағдайларға жол бермеу керек. Сұраныс қатаң болмақ, – деді Әлихан Смайылов.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға