Әлихан Смайылов қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады

Премьер-министр Әлихан Смайылов қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Құрметті отандастар! Сіздерді ел тарихындағы қастерлі де ұлық мереке – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!
16 желтоқсан – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданып, тұтас әлем егеменді Қазақстанды ресми түрде алғаш мойындап, азат ел, дербес мемлекетіміздің берік негізі қаланған айрықша күн.
Бұл күн – азаттық алуға зор үлес қосқан ұлт қайраткерлерін ұлықтап, сол жолда өмірлерін құрбан еткен батырларымыздың рухына тәу етер тағзым күні.
Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа аманаттау – әрбір азаматтың қасиетті парызы. Осынау ұлық мерекеде отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық, бақ пен береке тілеймін! Ел іргесі берік, көк туымыз әрқашан биік болғай!
