Әлихан Смайылов Иранға ресми сапармен барды

Премьер-министр Әлихан Смайылов Иран Ислам Республикасына ресми сапармен барды. Бұл туралы Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Тегеранда Үкімет басшысы Иранның бірінші вице-президенті Мохаммад Мохбермен кездесу өткізеді. Кездесу барысында тараптар екі ел ынтымақтастығының өзекті мәселелерін талқылайды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар ведомствоаралық және коммерциялық құжатқа қол қойылады деп күтілуде.
Сондай-ақ Әлихан Смайылов Иран президенті Ибрахим Раисимен де кездеседі.
Атап өтетін жайт, премьер-министрдің сапары аясында 24-26 сәуір аралығында Қазақстанның Ирандағы үшінші сауда-экономикалық миссиясы өтуде. Оған тамақ, химия, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп және металлургия бойынша 20 отандық тауар өндіруші қатысып жатыр.
