Жаңалықтар

Әлихан Смайылов елорданың жаңа әкімін таныстырды

Әлихан Смайылов елорданың жаңа әкімін таныстырды
Фото: primeminister.kz 08.12.2022 18:15 1456

Астанада ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Мұрат Нұртілеудің қатысуымен мәслихат депутаттарының жиналысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Депутаттардың қарауына елорда әкімі лауазымына Берік Оралұлы Жакенов пен Жеңіс Махмұдұлы Қасымбектің кандидатуралары ұсынылды. ҚР Президентінің тиісті хатын Әлихан Смайылов оқып берді.

Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша 21 депутат Ж. Қасымбекті таңдаса, 7 депутат Б. Жакеновке дауыс берді. Жиналысқа барлығы 28 депутат қатысты.

Осыдан кейін елорда активімен өткен кездесуде Әлихан Смайылов қаланың белсенді түрде дамып келе жатқанын, тұрғындар санының 4,5 есе өскенін атап өтті. Құрылыс қарқыны да өсті: 2019 жылдан бастап 10 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.

 

«Осыған байланысты тұрғындарды сапалы ауыз сумен, электрмен, жылу қуатымен жабдықтау, әлеуметтік нысандарын жаңғырту мәселелерін шешу – жергілікті атқарушы биліктің алдына қойылатын басым міндеттер», — деді Премьер-Министр. 

Оның айтуынша, жаңа тазарту құрылыстарының кешенін, бірқатар шағын электр станцияларын, ЖЭО-3 және газбен жұмыс істейтін бірнеше ЖЭС-ті іске қосу, тұрғын үй алаптарын абаттандыру бойынша жұмысты жандандыру, сондай-ақ барлық проблемалық тұрғын үй объектілерінің құрылысын аяқтау қажет.

Әлихан Смайылов соңғы жылдары Астананың әлеуметтік инфрақұрылымына, атап айтқанда, ауруханалар мен мектептерге жүктеме артқанын атап өтті. Осыған байланысты мемлекет осы мәселелерді шешу бойынша шаралар қабылдап жатыр. Мысалы, «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасы аясында елордада алдағы жылдары 44,4 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 24 мектеп ашылады.

Басқа маңызды бағыттар ретінде Премьер-Министр тұрақты жұмыс орындарын құра отырып, ірі инвестициялық жобаларды іске қосуды және кәсіпкерлік қызметті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасау керек екенін айтты.

«Шағын және орта бизнес экономикалық өсудің берік драйвері болу керек. Егер бұрын Астана мемлекеттік қызметшілердің қаласы болса, қазір ол – кәсіпкерлердің қаласы. Елорданың әрбір үшінші тұрғыны шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейді. Осыған орай бизнеске кедергі келтіретін барлық қиындықтарды жою қажет», — деді ол.

Сонымен қатар Премьер-Министр сапалы азық-түлік өнімдерін өндіру көлемін ұлғайту, өзекті экологиялық мәселелер мен нөсер кәріз жүйесінің жұмыс істеуі бойынша проблемаларды шешу қажеттігін атап өтті. 

«Жергілікті атқарушы органдардың жұмысы халықпен нәтижелі диалог негізінде құрылып, өңірдің ары қарай дамуына және тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге бағытталуы керек», деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға