Жаңалықтар

Әлихан Смайылов батыс өңірлердің кәсіпкерлерімен кездесті

Әлихан Смайылов батыс өңірлердің кәсіпкерлерімен кездесті
Фото: primeminister.kz 01.06.2023 19:44 632

Премьер-министр Әлихан Смайылов «Атамекен» ҰКП қолдауымен орта бизнес өкілдерімен кезекті кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

1 маусымда өткен шараға Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарының кәсіпкерлері қатысты.

Үкімет басшысы соңғы үш жылда осы облыстарда 59 мыңнан астам бизнес жобасы мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылғанын атап өтті. Атап айтқанда, 1,5 трлн теңгеге 28 мың жобаның сыйақы мөлшерлемесі субсидияланды. Оның ішінде орта бизнестің жалпы сомасы 406 млрд теңге болатын 2,5 мыңнан астам жобасы қолдау тапты. Сонымен қатар 12 мың субъектіге 487 млрд теңгеге жеңілдікпен қаржыландыру ұсынылды, оның ішінде 102 млрд теңгеге 167 орта бизнес өкілдерінің жобалары қаржыландырылды.

«Салалар бойынша қолдау шаралары өңдеу өнеркәсібі, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы, сауда салаларына, сондай-ақ денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы әлеуметтік жобаларға бағытталды», — деді Әлихан Смайылов.

Кездесу барысында кәсіпкерлер балық саласын дамытудың, атап айтқанда, жабдықтарды жаңарту, инфрақұрылымды жаңғырту, озық стандарттар енгізу және өнім экспорты, мұнай-газ машина жасау саласындағы импортты алмастыру, мұнай сервисін қолдау, батыс өңірлердің көлік-логистикалық мүмкіндіктерін кеңейту, салық салу және басқа да бірқатар өзекті мәселені көтерді.

Мәселен, «Еділ-Орал.kz» ЖШС операциялық директоры Вячеслав Кондрашихин мұнай-газ индустриясы үшін жалпы құны 3,9 млрд теңге болатын жабдықтар өндіретін жаңа жобаны таныстырып, мемлекет тарапынан берілетін преференциялар бойынша жәрдемдесуді сұрады.

Премьер-Министр бүгінгі таңда Қазақстандағы инвесторлар үшін мемлекеттен қолдау мен преференциялар алудың бірқатар тетігі жұмыс істейтінін атап өтті. Атап айтқанда, мұндай жеңілдіктер арнайы экономикалық аймақтардың қатысушыларына және инвестициялар туралы келісім аясында көзделген.

«Біз оларды жаңа жобалар үшін арнайы әзірледік. Машина жасау саласына келетін болсақ, қазір бізде арнайы кешенді даму жоспары әзірленуде, онда да бірқатар қолдау шарасы көзделетін болады. Біз машина жасау компаниялары ҚҚС төлемей (есепке алу әдісімен), әкеле алатын жабдықтар мен құрамдас бөліктердің тізбесін кеңейттік. Сондай-ақ “Даму” қорының желісі бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялалайтын арнайы “Өндіріс” шағын бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр», — деді Әлихан Смайылов. 

Тағы бір өзекті мәселе «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалын салу аясында теңіз түбін тереңдету жұмыстарын жүргізуге қатысты болды. Премьер-Министр уәкілетті мемлекеттік органдарға жобаны іске асыру мерзімдерін кешіктірмей, мәселені жедел пысықтауды тапсырды.

Сонымен қатар отырысқа қатысушылар батыс өңірлер үшін түйе шаруашылығы сияқты АӨК-тегі әлеуеті зор бағытты дамыту, фармацевтикалық өнімдер өндірісін ұлғайту, отандық компаниялардың жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларына қолжетімділігін кеңейту және басқа да бірқатар мәселені талқылады.

Барлық көтерілген мәселе бойынша орталық мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, облыс әкімдіктерінің басшылары жауап беріп, проблемалық мәселелерді бақылауға алды.

Талқылауды қорытындылай келе, Премьер-Министр Үкімет орта кәсіпкерлікті дамыту мен кеңейту үшін барынша қолайлы жағдай жасауды жалғастыратынын атап өтті.

«Бүгінде сіздердің өңірлеріңізде тек 517 орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл – орта бизнесті құру, дамыту, кеңейту әлеуеті толық пайдаланылмай, ол экономиканы әртараптандыруға және экономикалық өсімді арттыруға ықпал ете алмай жатыр деген сөз. Біз орта бизнестің барлық бастамасын белсенді түрде қолдап, олардың тездетіп іске асырылуына жәрдем беретін боламыз», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы өңірлердің әкімдіктері инфрақұрылым жүргізу, жер учаскелерін бөлу және олардың құзыретіне кіретін басқа да мәселелер бойынша көрсетілетін қолдау деңгейін арттыруы қажет екенін айтты. Өңірлік даму институттары да орта бизнеспен ынтымақтастықты кеңейтуі керек.

«Әр әкімдік алаңында кәсіпкерлердің мәселелерін шешу бойынша жүйелі кездесулер өткізу қажет. Бизнес мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде қолдауды сезінуі керек», — деді Әлихан Смайылов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға