Жаңалықтар

Әлихан Смайылов Алматыдағы Gate City спутник қаласына барды

Әлихан Смайылов Алматыдағы Gate City спутник қаласына барды
Фото: primeminister.kz 13.01.2023 17:22 932

Алматы облысына жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үлкен Алматы айналма жолын салу, G4 City-ді дамыту және Қонаев қаласын жылумен жабдықтау жұмысымен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Үкімет басшысына жалпы ұзындығы 66 км Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын (ҮАААЖ) салу жөніндегі жобаны іске асыру туралы баяндалды. Бүгінгі таңда негізгі жер жұмыстары жүргізіліп, барлық көпірлер мен жолайырықтар салынды. Сонымен қатар автожолды абаттандыру және жолақысын алудың интеллектуалды жүйесін іске қосу, көлік құралдарын динамикалық өлшеу жұмыстары жалғасуда.

Премьер-Министр автомагистраль өңірдің экономикалық дамуына айтарлықтай әсер етіп, инвестициялық және туристік әлеуетін арттыратынын атап өтті. ҮАААЖ Қытай мен Еуропа арасындағы транзиттік тасымал көлемін ұлғайтуға, Алматыдағы көлік қозғалысын жеңілдетуге мүмкіндік береді, яғни қала экологиясына да оң әсерін тигізеді.

Сондай-ақ Премьер-Министр Gate City серіктес қаласындағы «Қоянқұс» тұрғын ауданында жалпы алаңы 290 мың шаршы метрден асатын 70 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Жұмыстарды 2024 жылдың соңына қарай аяқтау жоспарланған.

Сонымен қатар Қонаев қаласында Үкімет басшысы 2020 жылы газға ауыстырылған «Жылу орталығы» жылумен жабдықтау ұйымының жұмысымен танысты. Қазіргі уақытта ол шамамен 179,72 Гкал/сағ өндіреді және 30 мыңға жуық абонентті, бюджеттік ұйымдарды және басқа да объектілерді жылу энергиясымен қамтамасыз етеді.

Әлихан Смайылов жылумен жабдықтау көздерін газға ауыстыру оның энергия тиімділігін арттыруға және атмосфераға шығарылатын зиянды заттар қалдықтарын едәуір төмендетуге мүмкіндік бергенін атап өтті.

Премьер-Министр «Кнауф Гипс Қапшағай» ЖШС-ға барды. Кәсіпорын 2003 жылы жеке инвестициялар есебінен салынды және гипстен жасалған бұйымдар, құрғақ құрылыс қоспаларын, сондай-ақ мырышталған профильдер шығарады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға