Жаңалықтар

Әлібек Күзербаев: «Тарихи-мәдени мұралар ұлттық болмысымызды жаңғыртуы тиіс»

Халқымыздың рухани байлығы аңыздар, ұлттық фольклор мен тұрмыс-тіршілігімізде жатқаны сөзсіз. Мұндай теңдессіз, мол байлықты ұрпағымыздың бойына сіңіруіміз кepeк
Әлібек Күзербаев: «Тарихи-мәдени мұралар ұлттық болмысымызды жаңғыртуы тиіс»
05.06.2019 14:29 7530

Қaзaқcтaн Рecпубликacының Тұңғыш Пpeзидeнті Н.Ә.Нaзapбaев «Бoлaшaққa бaғдap: pyхaни жaңғыpy» aтты мaқaлacындa тapихи ecкepткіштep мeн мәдeни ныcaндapды қaлпына кeлтіpу тyрaлы epекшe атaп өткен бoлатын. Осы мақала аясында Қaзaқcтaн Рecпубликacы Мәдeниeт жәнe cпopт миниcтpлiгi Тapихи-мәдeни мұpa бacқapмacының бac caрапшысы Әлiбек Күзербаевпен сұхбатымыз eлiмiздiң тapихи-мәдeни жәнe киeлi жepлері жайлы тақырыптар төңірегінде өрбіді.

Әлібек мырза, Тәуелсіздік алғаннан бері Қaзaқcтaн тapихи-мәдeни мұpaны қopғау саласындағы жеткен жетістіктерін атап өтсеңіз?

Тapихи-мәдeни мұрa саласындағы үлкен өзгерістер мен жетістерге ең алдымен, «Мәдeни мұpa» мeмлeкeттiк бaғдapламacының, Қазақстан Республикасындағы Мәдени саясат тұжырымдамасының және қазіргі уақытта «Бoлaшaққа бaғдap: pухани жaңғыpу» бағдарламасының ықпалы зор болды.

Атап айтар болсақ, ҚР Тәуелсіздігі жылдары ішінде республика бойынша 160-қа жуық тарихи ескерткіштер қайта жаңғыртылып, оларға келушілердің саны артты. Олардың қатарында Қожа Ахмет Ясауи, Арыстан баб, Айша бибі, Алаша хан, Жошы хан кесенелерін, Бекет ата және Қараман ата жерасты мешіттерін, Ақыртас, Баласағұн сарай кешендерін, Ежелгі Сауран, Сығанақ қалашықтарын, Абат Байтақ, Бөкей ордасы кешенін атауға болады.

Қазақстан аумағындағы көптеген қалашықтар, қоныстар  мен  обаларда кең ауқымды археологиялық зерттеулер жүргізілді. Олар ғылымға біздің ата-бабаларымыздың тарихы туралы білімдерін байыта түскен мыңдаған деректер берді.

Алғаш рет отандық ескерткіштерді түгендеу жүргізіліп,  республикалық және жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімдері бекітілді. Қазақстан өңірлерінің, атап айтар болсақ Алматы, Ақмола, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары және Алматы қаласы тарих және мәдениет ескерткіштерінің энциклопедиялық жинақтары басып шығарылды.

2003-2004 жылдары Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Таңбалы археологиялық кешені ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мұра тізіміне енгізілді. Бұл жетістіктер қазақстандық ескерткіштердің бүкіл адамзат тарихындағы ерекше маңызын көрсетті. 2014 жылы Алматы облысындағы Талғар, Қойлық, Қарамерген қалашықтары, Жамбыл облысындағы Ақыртас археологиялық кешені мен Баласағұн, Құлан, Өрнек, Қостөбе қалашықтары да аталған ЮНЕСКО тізіміне енгізілді.

Жалпы айтқанда, «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру ұлттық сана-сезім мен танымның сұрауына, қалыптасуына және нығаюына жауап болып, елімізде жаңа мәдени-тарихи ландшафтының құрылуына және қазақстандықтардың өз тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығының артуына үлкен ықпал етті.

Тәуелсіздік жылдарында тарихи-мәдени мұра саласындағы ұйымдар желісі едәуір кеңейіп, республикалық деңгейдегі музейлер мен музей-қорықтар құрылды. Айталық, бүгінде еліміз бойынша республикалық деңгейдегі 12 музей-қорық жұмыс істеуде. Олар өз аумақтарындағы мыңдаған тарихи ескерткіштерге қамқорлық жасап отыр.

2015 жылы елімізде Қазақ хандығының 550 жылдығы кеңінен аталып өтіп, мерейлі жыл аясында Елордамызда Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиын, мерекелік концерт және «Мәңгілік Ел» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияны өткізілсе, Тараз қаласында «Қазақ хандығы» монументінің, «Ежелгі Тараз» музейінің салтанатты ашылу рәсімдері мен тағы басқа мәдени-көпшілік, спорттық шаралар ұйымдастырылды.

Ал, бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарлама аясында бұрын басталған шаралар жалғасын тауып, Қазақстанның тарихи-мәдени мұра саласы одан әрі жаңа сапаға көтерілуде деуге болады. Тарихи-мәдени мұралар ұлттық болмысымызды жаңғыртуы тиіс. Бүгінгі уақытта Министрліктің атқарып жатқан және алға қойған басты мақсаттары негізінен осы бағдарламаны тиімді жүзеге асыруға бағытталған.

 

– Соңғы жылдары елімізде «Бoлaшaққа бaғдap: pухани жaңғыpу» бағдарламасы аясында киелі жерлерді қорғау, насихаттау бойынша бірқатар жобалар атқарылып келеді. Осыларға тоқталып өтсеңіз...

Елбасының «Бoлaшaққа бaғдap: pухани жaңғыpу» бағдарламалық мақаласы жарық көргеннен бері елімізде ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның ішінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасының басты орындаушы органы болып саналады. Мәселен, министрліктің атқарған басты жұмыстарына тоқталатын болсам, мынадай ірі шараларды ерекше атауға болады. 2018 жылы наурыз және сәуір айларында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларымен ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне бағынысты республикалық «Бозоқ», «Ботай» және «Сарайшық» тарихи-мәдени музей-қорықтары құрылды. Бұл музей-қорықтардың жұмысы Солтүстік пен Батыс өңірлерде және Астана қаласында мәдени-туристік кластерлерді дамытуға, сондай-ақ, осы өңірлердегі киелі орындарды қорғауға, насихаттауға бағытталған. Сонымен қатар, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне бағынысты «Отырар», «Ұлытау», «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорықтарының аумағында Сапар орталықтардың құрылыстары жүргізілуде. Биыл олардың құрылыстары толықтай аяқталады.

«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары», «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» жинақтары, «Қасиетті Қазақстан» энциклопедициясының екі томы жарыққа шықты. Жалпыұлттық қасиетті нысандар туралы әлеуметтік желілерге арналған қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі мобильді форматтағы бейнероликтер түсірілуде.

Қазақстанның киелі жерлерінің жалпыхалықтық тізіміне енген 10 нысанның (Жошы хан, Алаша хан, Бекет ата кесенелері, Бөкей орда кешені, Абай-Шәкәрім, Қорқыт ата мемориалдық кешендері, Қарасай-Ағынтай, Баба Түкті Шашты Әзіз, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Арыстан баб кесенелері) 3D моделдері жасалды.

Сондай-ақ, жыл сайын киелі жерлеріміз қалпына келтірілуде. Олар Қожа Ахмет Ясауи мен Арыстан баб тәрізді кесенелер, Сауран, Сығанақ, Көне Тараз тәрізді қалашықтар, Аппақ ишан, Ақыртас тәрізді тарихи кешендер мен тағы басқа нысандар.

Мұнымен қатар, 2018 жылдан бастап еліміз шет мемлекеттерде орналасқан қазақ халқының тарихы және танымал тұлғаларымен байланысты киелі жерлерге зерттеу жүргізіп келеді. Мысалы, өткен жылы ҚР Ұлттық музейі жанындағы «Қасиетті Қазақстан» орталығы Мәскеу, Рязань, Тверь, Калуга облыстары мен Мәскеу қаласында орналасқан бірнеше нысанға экспедиция ұйымдастырып, құнды материалдар жинап қайтты.

Осындай экспедицияны Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Өзбекстан Республикасының Ташкент, Самарқан қалалары, Науаи және басқа да облыстарында ұйымдастырды. Экспедиция барысында қазақ халқының тарихымен байланысты қалашықтар, қазақтың танымал тұлғаларының зираттары мен өмір сүрген үйлері анықталынды. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасып, алыс-жақын шет мемлекеттерге экспедициялар ұйымдастырылатын болады.

 

– Бауырлас Түркия елінде болып қайттыңыз. Ондағы тарихи-мәдени нысандар мен музейлер жайлы ой-пікіріңіз қандай?

Түркия жері әр дәуірдің тарихи ескерткіштеріне бай мемлекет. Ол мемлекеттің аумағында көне Антикалық дәуірден кешегі Осман мемлекетіне дейінгі ескерткіштердің барлығы дерлік жақсы сақталған. Оларды қорғау, насихаттау мен оларға туристерді тарту мәселелері дұрыс жолға қойылған. Осыған байланысты біздің Түркиядан үйренеріміз өте көп.

Түркия ешқашан бір елдің отары болып көрмегендіктен, түрік халқының төл тарихына ешкім қол сұқпаған. Олардың ортағасырларда салдырған зәулім сарайлары, қалалары, мешіттері мен медреселері сол қалпында сақтаулы тұр. Архивтік материалдары да жойылмай, көп деректер көздің қарашығындай сақталған.

Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгелі 30 жылға жуық уақыт болды.  Кеңес дәуірінде халқымыздың көптеген тарихи-мәдени мұралары жойылды, зақымданды және әдейі бұрмаланды. Көне тарихи қалашықтар аршылмады немесе дұрыс зерттелмеді. Сондай-ақ, мұндай тарихи-мәдени нысандардың маңыздылығына мән берілмеді. Осылайша, тарихи-мәдени мұраларымыз, құнды деректеріміз жарық көрмей, жердің асты мен архив құжаттары арасында көмулі жатты. Ал, олардың зерттеп, шын тарихты жазамын деушілерді Кеңес империясы қудалап, «халық жауы» атандырды, сөйтіп халқымызды мейлінше мәңгүрттендіруге тырысты.

Тарихымыздағы ақтаңдақтар әлі де көп. Тарихымыз алдағы уақытта әлі де толыға түседі деуге негіз бар. Себебі, біз Қазақстанда табылып, анықталып жатқан деректерге күн сайын куә болып жүрміз. Мысалы, соңғы жылдары табылып жатқан жаңа «Алтын адамдар», қалалардың жасына қатысты тың деректер (Түркістан, Шымкент, Алматы қалалары), археология, деректану саласындағы басқа да ерекше жаңалықтар – осылардың барлығы тарихымыздың тамыры тереңде жатқанын, мәдениеті бай әрі әлемдегі ірі өркениет ошақтарының бірі болғандығын дәлелдей түседі.  

Кез-келген елден ең болмағанда бір нәрсені үйреніп қайтуға болады. Әсіресе, ол мемлекет өзінің бай тарихи-мәдени мұрасын көзінің қарашығындай сақтап өзгелерге үлгі көрсетіп отырса және тарихы мен мәдениеті Қазақстанмен тығыз байланысты болса... 

 

Балаларыңызды қаншалықты тарихқа, мәдениетке баулып келесіз?

– Балаларым қазақ халқының аңыз ертегілерін оқығанды ұнатады. Олар бірнеше аңыз ертегілер кітаптарын оқып бітірді. Оқыған шығармаларын айтып бергеннен кейін оларды өз ортамызда отырып, жиі талқылап тұрамыз. Сонымен бірге, қазір Абай Құнанбайұлы мен Шәкәрім Құдайбердіұлының өлеңдерін жаттап жүр. Жақында «Әлемнің ұлы кереметтері» деген кітап сатып алып бердім. Соны қызығып, бар ынта-ықыласымен оқып жүр.

Мектеп демалысына шықса, міндетті түрде ертегілер оқытып, мақал-мәтелдер мен жұмбақтар жаттатқызамын. Жақсы оқып, жаттап жүргендеріне сыйлықтар беріп ынталандырып тұрамын. Жатар алдында балаларға аңыз ертегілерді өзім жиі айтып беріп тұрамын. Қазақ халқының бүкіл рухани байлығы осы аңыз-ертегілерде, мақал-мәтелдер мен мысал әңгімелерде екендігі сөзсіз. Менің ойымша, барлық ата-ана балалары мен келешек ұрпақтары үшін осы қолда бар тәрбие құралын дұрыс пайдаланып, теңіздей терең рухани мұрамызды жас ұрпағымыздың бойына сіңіруіміз керек.

 

– ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тарихи-мәдени мұра басқармасының бас сарапшысысыз. Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Министрлігіміз алдағы уақытта «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашылған «Ботай», «Бозоқ», «Сарайшық» тәрізді мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорықтарын дамытуды басты назарда ұстап отыр. Олар сол өңірлердегі тарихи-мәдени және туристік орталықтарға айналуы тиіс.

Сонымен қатар, алдағы уақытта өзге де көптеген республикалық музей-қорықтардың аумағында Сапар орталықтардың құрылысын салу көзделген. Бүгінде олардың құжаттарын әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, «Түркістан – Түркі әлемінің рухани орталығы» ретінде ерекше мәртебесін ескере отырып, ежелгі қалашықтың түпнұсқасын қалпына келтіру бойынша орасан зор жұмыстар атқарылып жатыр. Министрлік көне Түркістан қалашығының аумағындағы археологиялық, реставрациялық жұмыстардың жүргізілуіне ықпал етеді. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында Көне Отырар қаласын да ауқымды түрде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетін болады.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы аясында жоспарланған шаралар да тоқтамайды. Бұл жоба аясында әлі көптеген маңызды шаралар өткізілмек.

Сондай-ақ, Министрлік тарихи-мәдени мұра саласында ТҮРКСОЙ(Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы), ЮНЕСКО сынды беделді халықаралық ұйымдармен тығыз байланыс орнатқан. Осы ұйымдар арқылы Қазақстанның тарихи-мәдени мұраларын халықаралық сахнада қорғау, таныту және насихаттау ісі жүзеге асырылады.

– Әңгімеңізге рахмет. Ісіңізге сәттілік тілеймін!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға